Қазақстан Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) парламент мәжілісі депутаттарының сайлауына "Ақ жол" партиясы ұсынған 35 үміткер тіркелгенін хабарлады.
ОСК хатшысы Бақыт Мелдешовтің айтуынша, комисия партия ұсынған үміткерлердің құжаттарын "заңды" және "сайлау туралы заңға сай" деп тапқан. Енді үміткерлерге партиялық тізім бойынша сайлауға түсетіні туралы құжат беріліп, партия аты дауыс беру бюллетеніне енгізіледі.
Қазақстан парламенті мәжілісінің кезектен тыс сайлауы наурыздың 20-сына белгіленген. Мәжілістегі 107 депутаттық орынның 98-і партиялық тізім бойынша, 9-ы Қазақстан халқы ассамблеясы атынан сайланады.
Партиялық тізім бойынша сайланатын мәжіліс сайлауына кандидаттарды ұсыну 8 ақпанға дейін, ал партиялық тізімді тіркеу 19 ақпанға дейін созылады. ОСК бұған дейін "Нұр Отан" партиясы ұсынған 127 үміткерді тіркеген.