Accessibility links

Байдалинованың дүние-мүлкі арестке алынды


Nakanune.kz сайты редакторы әрі меншік иесі Гузал Байдалинова (оң жақта) мен оның адвокаты Инесса Кисилева Алмалы аудандық сотында. Алматы, 26 желтоқсан 2015 жыл.
Nakanune.kz сайты редакторы әрі меншік иесі Гузал Байдалинова (оң жақта) мен оның адвокаты Инесса Кисилева Алмалы аудандық сотында. Алматы, 26 желтоқсан 2015 жыл.

Алматының Алмалы аудандық сотының судьясы Қайрат Иманқұлов бүгін оппозициялық Nakanune.kz сайтының иесі, 23 желтоқсаннан бері қамауда отырған журналист Гузяль Байдалинованы босату үшін кепілге қойылған танысының пәтері мен журналистің дүние-мүлкін арестке алу туралы шешім шығарды.

Сот шешімі Алматы қалалық ішкі істер департаментінің тергеушісі Алексей Чапуриннің өтініші бойынша шығарылған. Өтінішті бұған дейін Алматы прокурорының орынбасары Жарқынбек Бақашбаев қолдаған. Байдалинованың адвокаты Инесса Киселеваның Азаттыққа айтуынша, судья шешімді біржақты, яғни Байдалинова мен оның адвокатының және прокурордың қатысуынсыз шығарды.

Иманқұлов Байдалинованың танысының пәтері мен Байдалинованың 9 мың 670 теңге және 100 доллар қаржысын арестке алды. Судья бұл шешімін Байдалиноваға тағылған айып "ауыр қылмысқа жататынымен" және "үкімнің азаматтық шағым мен басқа да мүліктік өндіріп алуға қатысты бөлімін орындаумен" байланыстырды.

Сот шешімінде 2014 жылдың 29 сәуірінен 5 желтоқсанға дейін "Тайыр Қалдыбаев Махамбет Әуезов, Рафаэль Балгин, Гузяль Байдалинова және тағы бірнеше адаммен "топ болып сөз байласу арқылы" ақпараттық құралдарды, оның ішінде Nakanune.kz сайтын пайдалана отырып "Казкоммерцбанк" туралы көпе-көрінеу жалған ақпарат таратқаны айтылады. Судья Иманқұлов "Казкоммерцбанкке" келген шығын 144 миллион 235 мың 90 теңгені құрайды дейді.

Бұл іске қатысты алматылық журналист Рафаэль Балгин 21 желтоқсанда қамалған еді. 11 қаңтарда ол кепілген босатылған. Босатылған күннің ертеңінде Балгин Алматыда баспасөз жиынын өткізіп, "істеген ісіне өкінетінін" білдірген.

Балгиннің адвокаты Нұрлан Өстеміровтің Азаттыққа айтуынша, сот Балгиннің де дүние-мүлкін арестке қоюға шешім шығарған. Бірақ Балгинде жылжымайтын мүлік жоқ болғандықтан оның көлігі арестке қойылған.

2015 жылдың 26 желтоқсанында Алмалы аудандық соты Байдалинованы тергеу аясында екі айға қамаған. Байдалинова 23 желтоқсанда Nakanune.kz сайтында "Казкоммерцбанк" туралы тапсырыспен жазылған мақалаларды жариялау ісіне қатысы бар деген күдікпен ұсталған.

Бұған дейін Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Қазақстан билігін Байдалинованы дереу босатуға шақырған.

XS
SM
MD
LG