Accessibility links

Сот Байдалинованы қамау мерзімін ұзартты


Nakanune.kz сайты редакторы әрі меншік иесі Гузал Байдалинова (оң жақта) мен оның адвокаты Инесса Кисилева Алмалы аудандық сотында. Алматы, 26 желтоқсан 2015 жыл.
Nakanune.kz сайты редакторы әрі меншік иесі Гузал Байдалинова (оң жақта) мен оның адвокаты Инесса Кисилева Алмалы аудандық сотында. Алматы, 26 желтоқсан 2015 жыл.

Алматының Алмалы аудандық сотының судьясы Алма Әбдіхалықова бүгін оппозициялық Nakanune.kz сайтының иесі, журналист Гузяль Байдалинованы қамау мерзімін 23 наурызға дейін ұзартуға шешім шығарды. Бұл туралы Азаттыққа Байдалинованың адвокаты Инесса Киселева хабарлады. "Казкоммерцбанкке" қатысты көпе-көрінеу жалған ақпарат таратты деп айыпталған Байдалинованы қамау мерзімін ұзарту туралы өтінішті Алматы қалалық ішкі істер департаментінің тергеушісі Алексей Чапурин берген. Алматыдағы тергеу абақтысында отырған Байдалинованы сотқа әкелген жоқ.

15 ақпан күні кешке өткен өтінішке қатысты алғашқы сот отырысында прокурор Олжас Мұсаев тергеушінің өтініші қолдаған. Байдалинованың адвокаты Инесса Киселева өтінішті қараушы судья Алма Әбдіхалықовадан тергеушінің өтінішін қанағаттандырмауды сұраған. Адвокат сотта Байдалинованы кепілге босатуды сұрап өтініш берген. Киселева сотқа Байдалинованың созылмалы сырқаты күшейіп, денсаулық жағдайы нашарлап кеткенін айтып, мұны дәлелдейтін бірнеше дәрігерлік анықтама қағаздарын көрсеткен. Бірақ судья дәрігерлік құжаттарды тексеріп, шешімді бүгін кешке жариялайтынын хабарлаған.

Бүгін бұдан ертерек Алмалы аудандық соттың судьясы Қайрат Иманқұлов Байдалинова мен "Казкоммерцбанкке" қатысты "тапсырыспен жазылған" мақалалар туралы іске қатысты басқа да күдіктілердің дүние-мүлкін арестке алуға шешім шығарған.

Гузяль Байдалинова 2015 жылы 23 желтоқсанда "тапсырыспен" жазылған мақалаларды дайындап, Nakanune.kz сайтында жариялауға қатысы бар деген күдікпен ұсталған. 26 желтоқсанда сот оны екі айға қамаған.

XS
SM
MD
LG