Мемлекеттік органдардың өзара үйлесімді түрде жұмыс істемеуі Қытайға тауар экспорттауды жөнге салуға кедергі келтіріп отыр деп мәлімдеді бүгін премьер-министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев.
Жергілікті агенттіктердің хабарлауынша, ауыл шаруашылығы министрлігінің жиынында сөйлеген Сағынтаев Қытайға ет экспорттау туралы жұмыс жасалып жатқанын, бірақ Қазақстандағы мемлекеттік органдар жұмысының бір ізге түспеуі оған кедергі келтіріп тұрғанын айтты.
"Барлық өнімімізді Қытай алады. Біз оларға өздерінің стандарттарымен жұмыс істеуге дайын екенімізді айтты. Олар бізге өз стандарттарын ұсынды. Бір ғана мәселе болып тұр. Ол - біздің мемлекеттік органдардың жұмысы бір-бірімен үйлеспей тұр. Әрқайсысы өзіне тисті міндеттен қашқақтайды. Соның кесірінен бір орыннан жылжи алмай тұрмыз" деген Сағынтаев.