Accessibility links

Бахрейн "Иранның килігуіне қарсы" шаралар қабылдамақ


Бахрейндегі шииттердің наразылығы. Маусым 2015 жыл (Көрнекі сурет).
Бахрейндегі шииттердің наразылығы. Маусым 2015 жыл (Көрнекі сурет).

Бахрейн ішкі істер министрі Шейх Рашид Әл-Халифа корольдік Иранның "елдің ішкі ісіне килігуіне" қарсы шараларды қабылдағанын мәлімдеді.

Шейх Рашид Әл-Халифаның айтуынша, шаралар арасында "терроризмді қаржыландырумен" күресу үшін қаржы трансфері мен қайырымдылық көмегін бақылайтын комитет құру, азаматтардың "қауіпті елдерге" саяхаттап баруына шектеу енгізу бар.

Ресми BNA агенттігі министр бұған қоса билік шииттердің діни ғұрыптарын "саясиландыруға тырысатын" кез-келген әрекетке тоқтау салатынын ескерткенін хабарлады.

Бахрейндегі шииттер жыл сайын діни мейрамдары Ашурада корольдікті конституциялық монархияға айналдыру сияқты саяси реформалар жүргізуге шақырады.

Бахрейн бұған дейін "Иран және Ливандағы шииттік "Хезболла" ұйымы жаттықтырды" делінетін "террорлық ұяшықтарды" жоятынын мәлімдеген.

АҚШ-тың 5-флотының қолбасшылығы орналасқан Бахрейнде 2011 жылдан бері шииттер жиі наразылық танытып келеді. Бахрейн халқының жартысынан астамы шииттікті ұстанады.

XS
SM
MD
LG