Қырғыз журналисі әрі "Деньги и власть" газетінің бас редакторы Турат Акимов өзіне жасалған шабуыл артында Қырғызстан ішкі істер министрі Мэльс Тұрғанбаев тұруы мүмкін деп санайды.
Азаттықтың Қырғыз редакциясының хабарлауынша, бүгін Бішкекте өткен баспасөз жиынында Акимов егер өзінің көзін жоюға тағы қандай да бір әрекет жасалса онда "халықаралық дау тудыруы мүмкін бір ақпарат көпшілікке жария болатынын" ескертті. Журналист министрге "өте маңызды материалдар апарғанын", бірақ ол өзін тыңдағысы келмегенін айтты.
Қырғызстан ішкі істер министрлігі Турат Акимов айтқандарды негізсіз деп атады. Дегенмен министрлік 18 ақпанда журналист Мэльс Тұрғанбаевпен кездескенін растады, бірақ не туралы әңгімелескенін айтпады.
- Турат Акимовтың өзіне шабуылды Мэльс Тұрғанбаев ұйымдастырды деген мәлімдемесін негізсіз деп санаймыз. Бұған ешқандай себеп жоқ. Сондықтан біз сотқа жүгінеміз, - деді министрліктің баспасөз қызметінің жетекшісі Бақыт Сейітов.
20 ақпанда Бішкекте белгісіз біреулер Турат Акимовке шабуылдаған еді. Журналистің айтуынша, шабуыл ол көлігін үйінің алдына қоятын кезде жасалған. Журналист президентке жүгініп, одан арнайы қызметтің өз қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тапсырма беруін сұрады.