Accessibility links

ҚХА мәжіліске үміткерлерін ұсынды


Ішкі істер министрінің орынбасары, ҚХА атынан мәжіліс депутаттығына үміткер Владимир Божко.
Ішкі істер министрінің орынбасары, ҚХА атынан мәжіліс депутаттығына үміткер Владимир Божко.

Қазақстан халқы ассамблеясы (ҚХА) бүгін парламент мәжілісі депутаттарының ерте сайлауына кандидаттарын ұсынды.

ҚХА кандидаттары тізімінде - президенттен мәжілісті таратуды "сұраған" мәжілістің бұрынғы үш депутаты Роман Ким, Ахмед Мурадов және Юрий Тимощенко бар. Тізімге бұған қоса ішкі істер министрінің орынбасары Владимир Божко, Қазақстандағы ұйғырлардың этномәдени орталығының төрағасы Шаймардан Нурумов, Қызылордадағы оқушылар мен жастар үйінің директоры Наталья Жұмаділдаева, дүнген этномәдени орталықтары ассоциациясының басқарма мүшесі Шакир Хахазов, армян этномәдени бірлестігінің төрағасы Наринэ Микаэлян және "Егемен Қазақстан" республикалық газеті" компаниясының президенті Сауытбек Әбдірахманов бар.

Парламент мәжілісі сайлауы наурыздың 20-сына белгіленген. Қазақстан заңы бойынша, парламент мәжілісіндегі 107 депутаттық орынның 98-і партиялық тізім бойынша, 9-ы Қазақстан халқы ассамблеясы атынан сайланады.

Cаяси партиялардың сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстары 19 наурызға дейін жалғасады. Орталық сайлау комиссиясының хабарлауынша, елде кезектен тыс парламент мәжілісі және жергілікті мәслихаттар сайлауын өткізу үшін барлығы 9840 сайлау учаскесі құрылған.

Қазақстан заңдары бойынша, ҚХА кандидаттары ассамблея сессиясында сайланады. Депутат болып дауыс беруге қатысқан ассамблея мүшелері даусының 50 пайыздан көбін алған кандидат сайланады.

ҚХА 1995 жылы құрылған. Ассамблея президент жанындағы кеңес беруші орган саналады және оны президент басқарады.

XS
SM
MD
LG