Алматы қалалық сотында бүгін оппозициялық Nakanune.kz сайтының иесі әрі бас редакторы Гузяль Байдалинованың ісі бойынша мүлікті арестке алу туралы сот шешіміне апелляциялық шағым қаралды. Байдалинованың адвокаттары соттан журналистің танысына тиесілі, Байдалинованы кепілге босату үшін ұсынылған пәтерді аресттен шығаруды сұрайды.
Сот бүгін алғашқы инстанция шешімін жойғанымен, іс жүзінде алдыңғы қаулыны қайталайтын қаулы шығарды. Алматы қалалық сотының судьясы Ардақ Ешеев Байдалинова іс жүзінде кепілге қойылған пәтерде тұрған және пәтерді арестке алу заңға сай келеді деген шешім шығарды.
Адвокат Инесса Киселева соттың пәтердің Байдалинованың меншігінде болмағанына 13 жыл болғанын мойындай тұрып осындай шешім шығарғанына таң қалатынын айтты.
- Сот түпкілікті шешім шығаруды алғашқы сот инстанциясының құзырына қалдырды, - деді Киселева. Пәтер қылмыстық іске қатысты сот шешімі шыққанға дейін арестке алынған.
2015 жылдың 26 желтоқсанында Алмалы аудандық соты Байдалинованы тергеу аясында екі айға қамаған. Байдалинова 23 желтоқсанда Nakanune.kz сайтында "Казкоммерцбанк" туралы тапсырыспен жазылған мақалаларды жариялау ісіне қатысы бар деген күдікпен ұсталған. 16 ақпанда оны қамау мерзімі 23 наурызға дейін ұзартылған.
Байдалинованың ісі бойынша мүлікті арестке алу туралы шешімді 16 ақпанда Алмалы аудандық соты шығарған. Байдалинованың танысының пәтері мен Байдалинованың 9 мың 670 теңге және 100 доллар қаржысын арестке алынған. Судья бұл шешімін Байдалиноваға тағылған айып "ауыр қылмысқа жататынымен" және "үкімнің азаматтық шағым мен басқа да мүліктік өндіріп алуға қатысты бөлімін орындаумен" байланыстырған.
Бұған дейін Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Қазақстан билігін Байдалинованы дереу босатуға шақырған.