Бүгін Ақтау қаласындағы Қарттар үйінің бір топ зейнеткері жиналып, зейнетақыларының 70 пайызын мекеме есебіне аудару үшін ұстап қалуға наразылық білдірді. Зейнеткерлер ақшаның не себепте ұсталып отырғанын түсіндіруді талап етіп, президент әкімшілігіне, "Нұр Отан" партиясының облыстық филиалына, облыстық әкімдікке арызданғандарын айтты.
- Бұл не деген сұмдық, айдың аманында қартайып келгенімізде жақсы өмір сүреміз бе десек, қалтамыздан суырып алып отыр. Бұны қалай түсінуге болады? Бұл - тәртіпсіздік, - деді белсенді зейнеткер Сағындық Рахбанов.
Жиналған зейнеткерлер қалған отыз пайыз ақшаларын да уақтылы ала алмай отырғандарына шағымданып, денсаулық сақтау министрлігінің әркетін "ұрлық" деп бағалайтындарын айтты.
Маңғыстау облыстық «Қарттар мен мүгедектер үйі» мемлекеттік мекемесінің директоры Күләш Қалиева тұрғындардың 70 пайыз зейнетақысы заң жүзінде ұсталып жатқанын айтты.
Қарттар үйінде 53 зейнеткер тұрады.
2015 жылдың соңында Қазақстанда зейнетақы мен мүгедектігі бойынша, я асыраушысынан айырылуына байланысты берілетін әлеуметтік жәрдемақы туралы заңдарға өзгерістер енгізілген болатын. Ол өзгерістерге мемлекет қамқорлығындағы барлық қарттар мен мүгедектер үйлерінің тұрғындары да ілініп, 2016 жылдан бастап оларға әлеуметтік жәрдемақы мен зейнетақының тек 30 пайызы ғана төлене бастады. Заңға сәйкес қалған 70 пайыз зейнетақы қамқорлық жасаушы мемлекеттік мекеменің есепшотына аударылады деп хабарланды.