Бүгін Орталық сайлау комиссиясы жексенбіде Қазақстанда өткен кезектен тыс парламент сайлауының қорытындылары туралы қаулы қабылдады.
ОСК жариялаған мәліметте бұл сайлауда «Нұр Отан» партиясына 6 миллион 183 мың 757 адам (82,20 пайыз), «Ақ жол» демократиялық партиясына - 540 мың 406 адам (7,18 пайыз), Қазақстан коммунистік-халықтық партиясына - 537 мың 123 адам (7,14 пайыз), «Ауыл» партиясы үшін 151 мың 285 адам (2,01 пайыз), Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясына - 88 мың 813 адам (1,18 пайыз) және «Бірлік» саяси партиясына - 21 мың 484 (0,29 пайыз) адам дауыс бергені айтылған.
ОСК қаулысына сәйкес, алтыншы шақырылымдағы парламент мәжілісіндегі 107 депутаттық орынның саяси партияларға тиесілі 98-і бұл сайлауда 7 пайыздық межеден көп дауыс жинаған үш партия арасында келесідей тәртіппен бөлінді:
«Нұр Отан» партиясы – 84 мандат;
«Ақ жол» партиясы – 7 мандат;
Қазақстан коммунистік-халықтық партиясы - 7 мандат.
Бұған қоса Қазақстан халқы ассамблеясынан тоғыз адам мәжіліске сайланған.
Ресми мәлімет бойынша, сайлаушылар тізіміне алынған 9 миллион 810 мың сайлаушының 7 миллион 966 мыңы (77,12 пайыз) дауыс беруге қатысқан.