Accessibility links

HRW Савченкоға үкімді айыптады


Надежда Савченко өз ісі бойынша үкім жариялаған сот кезінде. Донецк, Ростов облысы, Ресей. 22 наурыз 2016 жыл.
Надежда Савченко өз ісі бойынша үкім жариялаған сот кезінде. Донецк, Ростов облысы, Ресей. 22 наурыз 2016 жыл.

Ресей сотының украиналық әскери қызметші Надежда Савченкоға үкімі «әділетсіз жүргізілген сот үрдісінің қорытындысы бойынша шығарылды» деп мәлімдеді сейсенбіде Human Rights Watch (HRW) халықаралық құқық қорғау ұйымы.

Мәлімдемеде сот қорғаушы тараптың негізгі дәлелдерін қабылдаудан бас тартып, маңызды өтініштерін қанағаттандырмай тастағандықтан, Савченконың адвокаттары тағылған айыптарды дәйекті түрде жоққа шығару мүмкіндігінен айрылғанын атап көрсеткен.

«Негізсіз шығарылған үкім күшінде қалмауы керек» деп мәлімдеген халықаралық құқық қорғау ұйымының Еуропа және Орталық Азия бойынша жетекшісі Хью Уильямсон.

Сейсенбі күні АҚШ мемлекеттік департаменті өкілі Джон Кирби Вашингтон Мәскеуді Савченко мен «заңсыз ұсталып отырған» басқа да тұтқындарды босатуға тағы да шақыратынын мәлімдеген. Кирби Савченкоға шығарылған үкімді «құқық принциптерін сорақылықпен мансұқ ету» деп атаған.

Ресейдің Ростов облысында Донецк қалалық соты 22 наурыз күні украиналық ұшқыш Надежда Савченконы 2014 жылы жазда Украинаның Луганск қаласы маңында мерт болған ресейлік екі журналистің қазасына кінәлі деп тауып, оған 22 жыл түрме жазасын тағайындаған. Сот Савченкоға Ресей шекарасын «заңсыз кесіп өткені» үшін 30 мың рубль айыппұл төлеуді де міндеттеген.

Ресей тарабы «Савченко журналистердің қай жерде екенін анықтап, артиллеристерге олардың тұрағын көрсеткен» дейді. Бірақ Надежда Савченко өзіне тағылған айыптарды мойындамайды.

XS
SM
MD
LG