Accessibility links

"Аэрофлот" Қазақстанға рейстері уақтылы ұшатынын хабарлады


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Қазақстандағы Tengrinews.kz сайтының 27 наурыз күні таңертең хабарлауынша, ондаған қазақстандық Мәскеудің Шереметьево әуежайында 12 сағат бойы елге ұша алмай тұрған.

Сайт ақпаратына қарағанда, "мұндай қолайсыздыққа Қазақстанға ұшатын ресейлік "Аэрофлот" авиакомпаниясы рейстерінің шегерілуі себеп болған".

Сайт әуежайдағы қазақстандық жолаушының "Енді қазақстандықтарды Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан арқылы ұшырмақшы. Біз енді Қазақстанға емес, Бішкекке ұшамыз, одан ары Алматыға көлікпен жетеміз. Мұнда қазір Қарағанды, Шымкент, Астана мен Ақтауға ұша алмай тұрған көптеген қазақстандықтар бар" деген сөзін келтірген.

"Аэрофлот" компаниясы сайты бұл ақпаратты растайды. Компания 26 наурыз күні Қазақстанға ұшатын рейстерді уақытша тоқтатқанын хабарлаған.

Компания "Бұл мәжбүрлі қадам Қазақстан тарапының компанияға жазғы рейстерді орындауға рұқсат құжаттарды әлі бермей отыруынан болды" деп түсіндіреді.

Сайтта 26 және 27 наурыз күндері Мәскеуден Алматыға, Астанаға, Шымкентке, Қарағандыға, Ақтауға, Атырауға ұшатын және осы қалалардан Мәскеуге ұшуы тиіс рейстердің шегерілгені жазылған.

Алайда компания 27 наурыз күні таңертең Қазақстанның рұқсат құжаттарды бергенін, "Аэрофлот" компаниясының барлық рейстерінің 27 наурыздан бастап кестеге сай ұшатынын, 27 наурыз күніне белгіленген рейстердің де уақытында орындалатынын хабарлады.

Қазақстан сыртқы істер министрі өкілі "Аэрофлот" авиакомпаниясы рейстерінің шегерілуі төңірегінде туындаған қолайсыздықтарды жеңілдету үшін Мәскеудегі қазақстандықтарға көмек ұсынғандарын, қазір жағдай тұрақтанғанын және 26 наурыз күні елге ұша алмай қалған жолаушылардың билеттерін ауыстырып жатқанын хабарлады.

Мұның алдында БАҚ-та қазақстандық Air Astana авиакомпаниясының Мәскеуге рейстері Ресей тарапынан рұқсат құжаттардың берілмеуі кесірінен шегерілуі мүмкін екені хабарланған болатын. Азаттық тілшісі Air Astana ақпарат орталығына хабарласқанда, өзін "Мария" деп таныстырған оператор Мәскеуге рейстердің бүгін уақытында ұшып жатқанын айтты.

XS
SM
MD
LG