Дондағы Ростов қаласы әуежайында апат болған FlyDubai компаниясының Boeing ұшағы ұшқыштары арасында апаттан бірнеше минут бұрын жанжал болған. Бұл туралы бүгін апатты тергеу тобына жақын дереккөзіне сілтеме жасаған ресейлік "Коммерсант" басылымы хабарлады.
Басылым дерегінше, ұшақтың ұшқыштар кабинасындағы сөздерді жазып алатын құрылғыны ашып оқыған сарапшылар экипаж екінші рет қонуға әрекет жасағанда әуежай жолағына автопилотты өшіріп, өз бетінше қонуға шешім қабылдаған деп ұйғарған. Ұшқыштардың бірі маневр жасайтын қателік жасаған, оның серігі штурвалды (ұшақтың жүрісін басқаратын тұтқа) өзіне қарай тартуға әрекеттеніп, араларында жанжал туған. Басқарушы ұшқыш штурвалды өзіне тартқан, екінші ұшқыш өз штурвалын итеріп, "Тоқта! Қайда барасың? Тоқта!" деп айқайлаған.
Ұшақты басқару тәртібі бұзылып, екі ұшқыштың әрекетінен Boeing компьютеріне электрлік импульстер түсе бастаған. Экипаж ұшақтың құлап келе жатқанын сезгенде қандай да бір әрекет жасау кеш болған. Ұшақ ол кезде жерге қарай сағатына 325 километр жылдамдықпен төмендеп келе жатқан. "Коммерсант" ұшқыштар "қорқыныш пен үмітсіздіктен" бірнеше секунд айқайлағанын айтады.
FlyDubai компаниясының ұшағы Дубайдан Ростовқа ұшқан. Ұшақ 19 наурызға қараған түні ауа-райының қолайсыздығынан екінші айналымда қонбақ болғанда апатқа ұшыраған. Апаттан ұшақта болған 62 адамның барлығы қаза тапқан.