Accessibility links

Украинада үш партия коалиция құрмақ


Украина парламентінің спикері Владимир Гройсман.
Украина парламентінің спикері Владимир Гройсман.

Украинада парламенттегі ірі үш партия жаңа коалиция құрып, парламент спикері Владимир Гройсманды премьер-министр қызметіне ұсынуға уағдаласты. Бұл туралы үш партия өкілдері хабарлады. Болжам бойынша, жаңа парламенттік коалицияға бұған дейін коалицияда серіктес болған партиялар - премьер-министр Арсений Яценюктің партиясы, президент Петр Порошенконың блогы мен бұрынғы премьер-министр Юлия Тимошенконың "Батькивщина" партиясы кіреді.

Партиялар өкілдері бұған қоса бұрынғы коалициядағы одақтастар - Радикалдық партия мен "Самопомощь" реформашыл партиясы жаңа коалицияға қосылудан бас тартқанын хабарлады.

Жаңа коалицияның құрылуы Украинадағы бірнеше айға созылған саяси тартысқа нүкте қоюы мүмкін. Коррупцияға қатысты айыптаулар тудырған бұл тартыс Украинада Батыс елдері талап етіп отырған реформалардың орындалуына қауіп төндірген. Бұған қоса Халықаралық валюта қорынан Украина экономикасын қолдау үшін 1,7 миллиард доллар несие алу туралы келіссөзге де кедергі туындай бастаған.

Яценюк партиясының жетекшісі Максим Бурбак депутаттар Яценюкпен және Петр Порошенкомен кездесуден соң жаңа коалиция құру туралы келісім жасалғанын айтты. Радикалдық партия жетекшісі Олег Ляшко Гройсманның кандидатурасын премьерлікке ұсынуға дауыс беру бүгін кешке өтеді деп күтіліп отырғанын айтты.

XS
SM
MD
LG