Accessibility links

Париждегі терактілерге күдікті Абриниге айып тағылды


Брюссель әуежайында жарылыстар болған күні бейнебақылау камерасына түсіп қалған "қалпақ киген адам".
Брюссель әуежайында жарылыстар болған күні бейнебақылау камерасына түсіп қалған "қалпақ киген адам".

Бельгия прокуратурасы 2015 жылы қарашада Франция астанасында жасалған терактілерге қатысты тергеу ісі аясында күдікті ретінде ұсталған Мохамед Абриниге адам өлтіру және террорлық ұйым қызметіне қатысу қылмыстары бойынша айыптар тақты.

Кеше прокуратура Брюссель әуежайында 22 наурызда болған террорлық жарылыстар алдында бақылау камерасына бейнесі түсіп қалған «қалпақ киген адам» – Мохамед Абринидің нақ өзі деп хабарлаған. Суретте «қалпақ киген адамның» кейін қос жарылысты жасаған жанкештілер деген күдікке ілінген екі адаммен бірге кетіп бара жатқаны бейнеленген.

Бұған дейін 31 жастағы бельгиялық Мохамед Абрини жұма күні Брюссель маңында Андерлехте ұсталғаны туралы хабарланған. Ол былтыр Парижде жасалған террорлық жарылыстар бойынша іздеуде жүрген соңғы күдікті еді.

Сонымен бірге, сенбі, 9 сәуір күні, Бельгия прокуратурасы Осама К. деген кісіге де террорлық шабуылдар мен адамдар қазасына қатысты айыптар таққаны хабарланды. Тергеушілердің болжамынша, швециялық бұл азамат Брюссель метросында жарылыс болған күні сонда жүргені анықталған.

Швециялық баспасөз құралдары ұсталған адамның аты-жөні Осама Крайем, ол Сириядағы соғысқа қатысқан болуы мүмкін деген ақпарат таратты.

Сенбі күні Бельгия құқық органдары 22 наурызда Брюссельде жасалған үш жанкештілік шабуылға қатысы бар күдікті ретінде алтыншы адамды қолға түсіргені мәлім болды. Оған дейін аталған қылмыстарға қатысы болуы мүмкін деген күдікпен бес адам ұсталған.

XS
SM
MD
LG