Accessibility links

Бельгия: Мохамед Абрини айыбын мойындады


Бельгия терактілерге күдікті ретінде іздеу жариялаған Мохамед Абринидің суреті.
Бельгия терактілерге күдікті ретінде іздеу жариялаған Мохамед Абринидің суреті.

Бельгияда ұсталған Мохамед Абрини былтыр қарашада Парижде және биыл наурызда Брюссельде жасалған террорлық шабуылдарға қатысы барын мойындады деп мәлімдеді Бельгия прокуроры. Абрини мен аты-жөні аталмаған тағы бірнеше адам жұма күні ұсталған. Терроризмге қатысты айыптар Абрини мен оның үш сыбайласына тағылған.

Бельгия прокуратурасы ұсталғандар Парижде тағы бір шабуыл ұйымдастырмақ болғанын, бірақ оларды «тергеу барысының жылдамдығы таң қалдырып», кейін терактіні Брюссельде жасау туралы шешімге келгенін мойындады дейді.

Тергеушілер шыққан тегі мароккалық, 31 жастағы Бельгия азаматы Мохамед Абринидің Париждегі шабуылдардан екі күн бұрын тағы бір күдікті Салах Абдесламмен бірге жанармай құю бекетіндегі бейнекамераға түсіп қалғанын айтады. Абдеслам биыл наурызда Брюссельде ұсталған.

Кеше Абрини Брюссель әуежайында террорлық жарылыстар алдында бақылау камерасына бейнесі түсіп қалған «қалпақ киген адам» өзі екенін мойындаған.

Брюссельде 22 наурыз күні жасалған үш жарылыстан 32 адам қаза тауып, 270-тен астам адам жараланған. Өткен жылы 13 қарашада Парижде болған шабуылдар 130 адамның өмірін қиған, үш жүзден аса адам жараланған.

XS
SM
MD
LG