Йемендегі көтерілісші хуситтер мен үкімет күштерін қолдайтын Сауд Арабиясы басқаратын коалиция бүгіннен бастап күшіне енетін бітімді сақтайтындарын мәлімдеді.
Коалиция таратқан ресми мәлімдемесінде "Араб коалициясы президент Мансур Хадидің талабы бойынша жексенбінің түнінен бастап Йемендегі қақтығысты тоқтату режимін құрметтейді, бірақ кез келген шабуылға жауап қайтару құқығынан бас тартпайды" деп жазылған.
Иран қолдайтын, үкімет күштерін құлатқысы келетін көтерілісшілер де бітімді қолдағанымен, шабуыл жасалса оған жауап қайтаратындарын білдірді.
Йеменде қақтығыс басталған бір жылдан астам уақыттан бері 6 мыңнан астам адам қаза тапты. Осы айда Кувейтте бейбіт келіссөз басталуы тиіс. Хуситтер 2014 жылы Йеменнің көпшілік бөлігін, оның ішінде ел астанасы Сананы басып алған.