Accessibility links

Литва "Савченко ісіне" қатысты адамдарға санкция салды


Украиналық ұшқыш Надежда Савченко.
Украиналық ұшқыш Надежда Савченко.

Литва Ресейде украиналық ұшқыш Надежда Савченконың сотталуына қатысы бар адамдардың өз территориясына кіруіне тыйым салды. "Украинская правда" газетінің жазуынша, бұл ақпаратты Литва сыртқы істер министрі Линас Линкявичюс растаған.

"Әңгіме бұл іске тікелей қатысқан ресейлік судьялар, прокурорларға қатысты болып отыр. Қазір Литва территориясына кіруге 46 адамға тыйым салынды" деген Линкявичюс. Ол тізім тағы толығатынын да айтқан.

Савченко ісіне қатыстылардан өзге украиналық Олег Сенцов пен Александр Кольченконы соттауға қатысы бар екі адамға да тыйым салынған.

"Біз бұл қылмыстық істерді мойындамаймыз және оларды қолдан жасалған деп санаймыз. Бұл істерге тікелей қатысы бар адамдар - судьялар, прокурорлар, өзін-өзі жариялап алған Донецк және Луганск республикалары билігі өкілдері тізімге енгізілді" деген Линкявичюс.

Оның сөзінше, Литва - Еуропа Одағында мұндай тізім түзген алғашқы мемлекет. Министр Вильнюстің бұл қадамы ЕО-ның өзге елдерін өздерінен үлгі алуға себеп болады деген үмітін білдірген.

Украина президенті Петр Порошенко Қауіпсіздік және ұлттық қорғаныс кеңесінің "Савченко тізіміне" ілінген адамдарға санкция салу туралы шешімін іске асыратын жарлық шығарған.

XS
SM
MD
LG