Accessibility links

Панамада Mossack Fonseca кеңсесін тінтті


Панамадағы "Mossac Fonseca" жазуы жазылған тақтайша.
Панамадағы "Mossac Fonseca" жазуы жазылған тақтайша.

Панама прокуратурасы ықпалды және бай адамдардың офшорлық әрекеттері туралы құжаттары жарияланып кеткен Mossack Fonseca заң компаниясының кеңсесін тінтті. Компанияның әшкере болған 11 миллионнан астам құжатында көптеген ел президенттері, премьерлері мен бизнесмендерінің жасырын қаржылық операциялары жайлы айтылады. Әлемдік ақпарат құралдары мен халықаралық журналистік ұйымдар жариялаған бұл құжаттар "Панамагейт" деп аталатын жаңа үлкен дауға себеп болды.

12 сәуірде прокурорлар жүргізген тінтуде Mossack Fonseca кеңсесін алты полицей қарауылдап жүрген. Панама бас прокуратурасы тергеушілер компания құжаттарын тексеретінін ғана айтып, басқа ақпарат бермеді.

Mossack Fonseca компаниясы офшорлық есеп шоттарды жүргізгенін және анонимді клиенттері үшін компаниялар ашумен ғана айналысқанын айтып, ешқандай айыпты мойындамайды. Компанияны құрушылардың бірі Рамон Фонсека компания компьютерлері желісінің бұзылғанын ғана қылмыс санайды. Ол компания компьютерлерін Панамадан тыс елде, бәлкім Еуропада орналасқан хакерлер бұзған дейді. Рамон Фонсека бұдан өзге ақпарат айтудан бас тартты.

3 сәуірде баспасөзде жарияланған панамалық Mossack Fonseca заң фирмасының әшкере болған құжаттарында салықтан жалтару үшін офшорлық аймаққа шығарылған капиталға қатысы бар тұлғалар ретінде әлемдегі белгілі саясаткерлер мен бизнесмендер, танымал адамдар бар.

«Панамагейт» құжаттарында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариғадан туған жиені Нұрәлі Әлиевтің аты-жөні аталды. Оның әкесі, 2015 жылы Вена түрмесінде өлі күйінде табылған Рахат Әлиев те көзі тірісінде панамалық Mossack Fonseca заң фирмасы қызметін пайдаланғаны туралы дерек енді мәлім болып отыр.

XS
SM
MD
LG