Алматы қаласы апелляциялық сотының судьясы Ардақ Ешеев алғашқы сот инстанциясының адвокат Айман Омарованы ол қорғайтын Саят Нәдірбаевтың ісі бойынша тергеуге шақыруды заңды деп тапқан шешімін жойды. Омарова әуелде Алматы қаласы коррупцияға қарсы қызметтің тергеу тобының жетекшісі Бауыржан Мұжықовтың өзіне төрт рет "кәсіби қызметімен байланысты емес" тергеуге шақырғанына шағымданған.
Жабық сот процесінде Омарованың ұстанымын прокурор Жарқын Құсайынов ойламаған жерден қолдады. Прокурор тергеушінің әрекеті мен алғашқы сот инстанциясынының шешімі заңсыз деп мәлімдеді. Судья Ешеев прокурорды қолдағанымен, алғашқы инстанция судьясына немесе тергеуші Мұжықовқа қатысты жеке шешім шығармады. Сот процесі барысында Айман Омарова клиенті Саят Нәдірбаевтың өзінің қызметінен бас тартқанын естіді. Омарова Нәдірбаев бұл туралы ескертпегенін айтады.
Омарованы өткен жылдың тамызынан бері іздеуде жүрген Нәдірбаевты жасырып ұстау ісі бойынша куәгер ретінде тергеуге шақырған. Нәдірбаев 28 наурызда "Астана ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясынан қаржы жымқыруға болысты деген күдікпен ұсталған. Нәдірбаев компанияның бұрынғы басқарма төрағасы Талғат Ермегияевтің жүргізушісі болған. Ермегияев тергеу және сот процесі кезінде үйқамақта отыр.