Accessibility links

Өзбекстанда Каримовты сынаған бұрынғы саясаткер түрмеден шықты


Ислам Каримов, Өзбекстан президенті
Ислам Каримов, Өзбекстан президенті

Өзбекстанның Навои қаласында түрмеде отырған бұрынғы халық депутаты, 25 жыл бұрын Жоғарғы кеңестің тарихи 7-сессиясында президент Ислам Каримовты қатаң сынаған Шухрат Нусратов бостандыққа шықты. Азаттықтың Өзбек редакциясының өз дереккөзіне сілтеме жасап хабарлауынша, 69 жастағы Шухрат Нусратов 18 сәуірде мерзімінен бұрын босатылған. Нусратов 2012 жылы экономикалық қылмыс жасады деген айыппен жеті жылға сотталып, жазасын Навои қаласындағы түрмеде өтеген.

Нусратов Каримовтың атына қатаң және өткір сын айтып есте қалған.​

1991 жылы Өзбекстан Жоғарғы кеңесінің 7-сессиясында "Ұлттық қауіпсіздік қызметін құру туралы" заң жобасына қарсы шыққан. Заң жобасы бойынша арнайы қызмет президентке тікелей бағынуы тиіс болған.

"Барлау мен қарсы барлау барлық техникалық жабдықтарымен бірге бір ғана адамның, яғни Каримовтың қолына өтеді. Бұған мүлдем жол бермеу керек. Егер біз қазір бұған жол берсек, онда біз 1937-1940 жылдардағыдай қуғын-сүргінге ұшыраймыз. Біз тіпті мұның салдарын елестете алмай отырмыз" деген ол сессияда.

XS
SM
MD
LG