Accessibility links

БҰҰ Пхеньянның теңізден зымыран ұшырғанын айыптады


Солтүстік Корея жасаған кезекті зымыран сынағы (Көрнекі сурет).
Солтүстік Корея жасаған кезекті зымыран сынағы (Көрнекі сурет).

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Солтүстік Кореяны 23 сәуірде ел президенті Ким Чен Ынның басшылығымен сүңгуір қайықтан зымыран ұшырғанын айыптады. Пхеньянның мәлімдеуінше, "сынақ аса сәтті" өтіп, Солтүстік Кореяның "күшті ядролық шабуыл жасайтын тағы бір құралға ие болуына" мүмкіндік берген.

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің мәлімдемесінде Пхеньян БҰҰ қарарын "тағы бұзғаны" айтылады. Оңтүстік Корея әскери басшылығы зымыран елдің солтүстік жағалауынан ұшырылғанын және 30 километр қашықтыққа ұшқанын айтады. Сеул ұшырылым белгісіз себептермен сәтсіз болғанын анықтауға тырысып жатыр. АҚШ президенті Барак Обама Пхеньянның әрекетін арандатушылық деп атап, Қытайды Солтүстік Корея билігіне ықпал етуге шақырды.

Солтүстік Корея сүңгуір қайықтан ұшырылатын баллистикалық зымыран құрастыру технологиясын дамытуға тырысып келеді. Өзге елдер Пхеньянның бұл әрекеті ядролық қауіпті күшейтеді деп алаңдайды. Мамандар Солтүстік Кореяның зымыран жасау ісінде қаншалықты табысқа жеткенін әзірше нақты айта алмай отыр.

Осы аптаның басында Сеул Пхеньянның жаңадан ядролық сынақ өткізуге дайындалып жатқаны туралы ескерткен еді. Қаңтар айында Солтүстік Корея сутегі бомбасын сынақтан сәтті өткізгенін мәлімдеген соң Пхеньянға қарсы жаңа санкциялар салынған.

Сәуірдің ортасында Солтүстік Кореяның орта қашықтықтағы баллистикалық зымыранды сынау әрекеті сәтсіздікке ұшыраған.

XS
SM
MD
LG