Алматыда жауын-шашын салдарынан пайда болған тасқын салдарынан Алатау және Жетісу аудандарында бірқатар елдімекендерді су басты деп хабарлайды Tengrinews сайты.
Қазақстан ішкі істер министрлігі төтенше жағдайлар комитетінің (ІІМ ТЖК) ресми өкілі Руслан Иманқұловтың айтуынша, су басқан аудандарда барлығы 400-дей адам және ондаған техника жұмыс істеп жатыр. Су жолын бөгеуге бес мың данадан аса қап және 190 тонна құм пайдаланылған.
ТЖК ақпаратына сәйкес, жұма күні кешкісін Қарғалы өзенінде су деңгейі көтеріліп, салдарынан Алатау ауданы Алғабас шағын ауданында 14 үйді және 27 ауланы су басқан. Жетісу ауданында Есентай өзені арнасынан асып, 37 жеке тұрғын үйді су алған. Алатау ауданындағы 185-мектеп пен Жетісу ауданында 87-мектепте эвакуация бекеттері орналастырылған.
«Казгидромет» мемлекеттік кәсіпорнының мәліметі бойынша, өткен тәулікте Алматы қаласы аумағына жауған жауын-шашын көлемі 55 миллиметрді құраған, бұл айлық нормадан көп көрсеткіш.
Қалың жаңбыр салдарынан Алматының іргесіндегі Бесағаш өзенінде су деңгейі көтеріліп, Талғар қаласында бірнеше үйдің ауласын су басқан.