Солтүстік Қазақстан облысы (СҚО) Жамбыл ауданының Қайранкөл ауылына қарасты астық қоймасының отызға жуық жұмысшысы бір жылдан бері жалақыларын ала алмай жүргенін айтып, наразылық танытты. Жұмысшылардың Азаттық тілшісіне айтуынша, элеватор иесі - ресейлік компанияға тиесілі "Қайранкөл-Астық" фирмасы өздеріне 5 миллион теңгедей қарыз.
Қайранкөл ауылының тұрғыны Балжан Дүйсембина өзінің ең аз жалақы - 20 мың теңге алатынын, бірақ бірнеше айдан бері жалақысын ала алмай отырғанын айтты. Ал астық қоймасының тағы бір жұмысшысы Ғалия Төлебаева да күйеуі екеуі жалаысын ала алмай, наразылық білдіруге мәжбүр болғанын айтады.
"Қайранкөл-Астық" фирмасы басшылығы Азаттыққа жұмысшыларға еңбекақыларының төленбеу себебі - қоймаға сақтауға қойған астықтың иелері ақша төлемей, серіктестікте қаржылай қиындық туындауынан деп түсіндірді. Фирма директоры Бейбіт Ахметов:
- Қазір қиын жағдай туындады. Бізде күмәнді астық өндірушілер көп. Адал еңбегімізбен тапқан қаражатымызды ала алмай отырмыз. Қазір келіссөздер жүргізіп жатырмыз, - деді.
Жамбыл ауданының әкімі Иван Турковтың сөзінше "Қайранкөл -Астық" Ресейлік "Трансавто" компаниясына тиесілі. "Трансавто" компаниясының СҚО да 20-ға жуық астық қоймасы мен агрокешендері. Бұған дейін "Трансавто" "Қайранкөлдегі астық қоймасы жұмысшылары алдында қарызымыз жоқ" деп есеп берген. Әкім Иван Турковтің сөзінше: "Трансавто" кәсіпорыны "Қазақстан даму банкінен" несие алып, Қайранкөл ауылындағы астық қоймасын кепілдікке қойған. Ал еңбекақыларын ала алмай жүрген жұмысшылар ішкі істер департаментіне арыз жазған.