Accessibility links

Билік өкілі: «Бос жатқан 100 миллион гектар жер бар»


«Шетелдіктердің жалға алғаны – 65 мың гектар»
please wait

No media source currently available

0:00 0:19:59 0:00

Ұлттық экономика министрлігінің өкілі Самат Сәрсенов жерді сату және шетелдіктерге жалға беру жайын түсіндірді. Астана, 3 мамыр 2016 жыл.

Ұлттық экономика министрлігінің өкілі біраз жұртты наразы еткен мәселені – жерді сату және шетелдіктерге жалға беру жайын түсіндірді. Ол елдегі жерге қатысты өтіп жатқан митингілерді де сөз етті.

Сәуір айының соңынан бері Қазақстанның бірнеше қаласында үкіметтің ауыл шаруашылығы жерлерін аукцион арқылы сату және шетелдіктерге жалға беру мерзімін ұзарту жоспарына байланысты қарсылық акциялары өтті. Атырау, Семей және Ақтөбеде жүздеген адам қатысқан митинг болды. Ақтөбе, Жаңаөзен, Қызылорда сияқты қалаларда полиция наразыларға митинг өткізуге кедергі келтіріп, таратып жіберді.

Ұлттық экономика министрлігінің құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері және жер ресурстарын басқару комитеті басқармасының басшысы­ Самат Сәрсенов Азаттыққа берген сұхбатында жұртты наразы еткен мәселенің жай-жапсарын айтты.

Азаттық: – Самат Шымырбекұлы, Қазақстанда 2003 жылы жер кодексі қабылданғаннан бері қанша жер жекеменшікке өтті?

Самат Сәрсенов: – Қазақстанда 100 миллион гектардай ауыл шаруашылығы жері болатын болса, соның 3 миллион гектары, яғни 1,2 пайызы ғана жеке меншікте. Қалғаны жалға берілген.

Азаттық: – 2016 жылы 1 шілдеде күшіне енетін заң бойынша қанша ауыл шаруашылығы жері қазақстандықтарға сатылады? Оны сатып алудың шарттары қандай?

Шамамен 1,7 млн га жер алғашқы сатуға дайындалып жатыр.

Самат Сәрсенов: – Қазақстан республикасында бос жатқан босалқы жер көлемі 100 миллион гектарға жуық. Соның ішінен аукцион арқылы сатылатын жерлерді жергілікті органдар жасақтайды. Қазір дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Оған алдын ала жобалау есептері бар. Қазіргі әкімдіктердің есептері бойынша, шамамен 1,7 миллион гектар жер алғашқы сату үшін дайындалу барысында. 1 шілдеден кейін заң күшіне енгеннен кейін барып осы жұмыстар ары-қарай атқарыла береді.

Сонымен қатар заңға байланысты 2012-2014 жылдар аралығында босалқы ауыл шаруашылығы жерлеріне түгендеу жұмыстары атқарылды. Осы түгендеу жұмыстары барысында 7,4 миллион гектар жердің игерілмей жатқаны анықталды. Оған тиісті шаралар жасалды. Содан кейін 3 миллион гектарға жуық жер иелері жерді пайдалана бастады. Қалған 3 миллион гектарға жуығы пайдаланылмағандықтан мемлекет меншігіне қайтарылды. Ал, қалған 1 миллион гектар жерге қатысты тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осы сияқты пайдаланбай жатқандықтан мемлекетке қайтарылған жерлер рет ретімен аукционға шығып отырады.

Ауыл шаруашылығы жерін шетелдіктерге сатуға және жалға беруге қарсы митинг. Атырау, 24 сәуір 2016 жыл.
Ауыл шаруашылығы жерін шетелдіктерге сатуға және жалға беруге қарсы митинг. Атырау, 24 сәуір 2016 жыл.

Азаттық: – Қазақстан азаматтарына арналған аукцион тәртібі қандай болады?

Самат Сәрсенов: – Ауыл шаруашылығы жерінің жайылымдық, шабындық, егістік сияқты түрлеріне байланысты кадастрлық құны бар. Сол кадастрлық құнын жоғарылату тәсілімен аукцион өткізіледі. Бірінші жолы сатылмаса, екінші мәрте тағы өткізіледі. Одан сатылмаса, үшінші рет жердің кадастрлық құнын төмендету тәсілімен тағы аукцион өткізіледі. Төмендету тәсілі жер құнын 50 пайызға дейін ғана төмендетеді. Бұл жағдайда да жер сатылмаса, аукционнан алынып тасталып, мемлекет меншігінде қалады.

Азаттық: – Аукцион өткізуді, яғни жер сатуды экономика министрлігі жүргізе ме, әлде жергілікті әкімшілік өткізе ме?

Самат Сәрсенов: – Жергілікті жердегі атқарушы органдар жүргізеді. Аукцион тәртібі туралы ереже бекітілген. Қалай өтіп, қалай жариялануы, қарау мерзімі – бәрі жазылған. Аукцион ашық өтеді.

Азаматтық белсенді Макс Боқаев ауыл шаруашылығы жерін шетелдіктерге сатуға және жалға беруге қарсы митингте сөйлеп тұр. Атырау, 24 сәуір 2016 жыл.
Азаматтық белсенді Макс Боқаев ауыл шаруашылығы жерін шетелдіктерге сатуға және жалға беруге қарсы митингте сөйлеп тұр. Атырау, 24 сәуір 2016 жыл.

Азаттық: – Ауыл шаруашылығы жерін сатып аламын деген Қазақстан азаматтарына шектеу қойыла ма?

Бір азаматтың қолында бүкіл жер кетіп қалады деген қауіп жоқ.

Самат Сәрсенов: – Бұл мәселе заң жүзінде бұрыннан қарастырылған. Мысалы, «Қалталы азаматтар жергілікті жерлерге барып, әкімшіліктің не аудан жерінің бәрін сатып алып, жер бір адамның қолында шоғырланып кете ме?» деген сұрақтар туындайды. Ондай мәселе болмауы тиіс. Болмайды. Өйткені әрбір аудан бірліктері бойынша сатып алу жеріне жеке азаматтар мен заңды тұлғаларға шектеу қойылған. Бұл шектеулер әрбір аудан бірліктері бойынша, сол жергілікті мәслихат пен әкімдіктердің ұсыныстарымен 2003 жылы белгіленген. Ол әлі қолданыста. Шектеу ауданның жер жағдайы мен халық санына қарай жергілікті жерден келіп түскен ұсынысқа сәйкес қойылған. Қай жерде халық аз, жер көп – сол аймақта шектеу көбірек болуы мүмкін. Халық көп, жер аз болса –шектеу де аз. Бір азаматтың қолында бүкіл жер кетіп қалады деген қауіп жоқ.

Азаттық: – Мәселен, Астананың тұрғынына Шығыс Қазақстаннан бір жер, Батыс Қазақстаннан бір жер, Оңтүстік Қазақстаннан бір жер алатындай жағдай бар ма?

Самат Сәрсенов: – Әрине, аукцион арқылы қай жерге барып қатысамын десе, оған шектеу қойылмайды ғой. Оның өз еркі.

Азаттық: – Сонда Маңғыстау облысындағы шектеуден аспай бір жерді, Шығыс Қазақстандағы шектеуден аспай тағы бір жерді, Оңтүстік Қазақстанда ондағы шектеуден аспай бір жерді сатып алуға болады ғой?

Самат Сәрсенов: – Иә, аукционның тәртібі қаралған кезде әкімшілік аумақтық бірлік бойынша қаралады ғой. Аукцион тәртібі сондай.

Ақтөбедегі жерге қатысты митинг. 27 сәуір 2016 жыл.
Ақтөбедегі жерге қатысты митинг. 27 сәуір 2016 жыл.

Азаттық: – Аукционға қатысатын адамның тұрғылықты тіркелуі (пропискасы) маңызды емес пе?

Самат Сәрсенов: – Ондай мәселе ережеде қарастырылмаған.

Азаттық: – Ал шетелдіктерге жер тек жалға ғана беріле ме?

Қазақстан жерінің жалпы аумағы – 272 млн га, оның ішінде ауыл шаруашылығына пайдаланылып жүрген жер – 100 млн га, бос жатқан босалқы жер – 100 млн га.

Самат Сәрсенов: – Нақты айтамыз, шетелдіктерге ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер жеке меншікке берілмейді. Мысалы, Қазақстанның жерінің жалпы аумағы – 272 миллион гектар. Оның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылып жүрген жер – 100 миллион гектар, бос жатқан босалқы жер – 100 миллион гектар. Бұл босалқы жер ішінде ауыл шаруашылығы жерлері бар. Пайдаланылмай тұр. Осы жерлер аукционға шығады. Бірақ шетел азаматына, азаматтығы жоқ адамға ешқашан сатылмайды. Сонымен қатар шекара маңындағы жерлер, 3 километрге дейінгі жолақтар жалға да берілмейді.

Азаттық: – Шетелдік азаматтарға ауыл шаруашылығы жерін жалға беруді кім жүргізеді? Жергілікті әкімдік пе, әлде ұлттық экономика министрлігі ме?

Самат Сәрсенов: – Бұл да заңда бекітілген. Жер беру процесі, ұсыныс пен конкурс жергілікті жерде басталады. Бірақ кодексте көрсетілген шетелдік азаматқа жер облыс әкімінің шешімімен беріледі. Облыс әкімі шешімі қабылданғанға дейін орталық уәкілетті органдардың келісімі алынады. Содан кейін ғана шетелдік азаматтарға жер жалға берілуі мүмкін.

Азаттық: – Осыны анықтай кетсеңіз? Жер шетелдік азаматтарға беріле ме, әлде заңды тұлғаға ма?

Самат Сәрсенов: – Екеуіне де беріледі. Азаматтығы жоқ оралмандарымыз бар ғой, соларға да жалға беріледі. Оралмандар азаматтығын алғанша жерді 25 жылға жалға ала тұрады. Кейін азаматтық алған соң жеке меншігіне аударып алуға құқығы бар.

Семейде жерге қатысты өткен митинг. 27 сәуір 2016 жыл.
Семейде жерге қатысты өткен митинг. 27 сәуір 2016 жыл.

Азаттық: – Шетелдік азаматтарға жерді жалға беруді 10 жылдан 25 жылға ұзарту не үшін қажет болды?

Самат Сәрсенов: – Ауыл шаруашылығын игеру, оны іске қосу көп қаражат талап етеді. Мысалы, жерді жалға беру 2003 жылдан туындаған жоқ. Ол сонау 1990 жылдан бері келе жатыр. 1990-1995 жылдары жалға беру 3 жылдан 5 жылға дейін болса, 1995 жылы заң күші бар президент жарлығы қабылданды. Сонда 1995 жылдан 2001 жылға дейінгі аралықта жерді 99 жылға дейін жалға беруге мүмкіндік болды. Онда «мынау – шетелдік, мынау – өзіміздің азамат» деп бөлінген жоқ. 2001 жылы заң өзгеріп, ұзақ және қысқа мерзім еніп, 10 жыл белгіленді. Мұндағы негізгі мақсат – босалқы жер бос тұрмай, айналымға енуі керек, жұмыс істеп, өнім беруі керек. Сондықтан шетелдік инвестор келемін десе, өз қаражатын құяды. Мал, тауық кешендерін салып, ақша құюы мүмкін.

Ал әлемдік тәжірибе бойынша, ауыл шаруашылығы жеріне құйған қаржы қайтарымы 13-15 жыл қажет етеді. Батыс елдерінде 49, 99 жылдық мерзімдер бар. Сондықтан шетелдік инвестор келсін, қаржысын құйсын, жерді пайдалануға алсын деген мақсатпен 25 жылға ұзартып отыр. Және бұл заң биыл емес, 2014 жылдың соңында қабылданып, 2015 жылдың 1 қаңтарында күшіне енген.

Жерді шетелдіктерге жалға бергеннің өзінде оған мемлекет тарапынан, бақылау тарапынан қатаң бақылау жүргізіледі. Жер алушы шетелдік тұлға мен жерді жалға беруші әкімдік арасында келісім-шарт жасалады. Онда көптеген талаптар қойылады. Жердің құнарын сақтау, тиімді пайдалану, оның жай-күйін төмендетпеу, топыраққа мөлшерден көп зиянды гербицид, пестицид бермеуі тұрақты түрде бақылауда отырады. Егер тәртіп сақталмайтын болса, нұсқау беріледі. Ол орындалмаса, жерді мемлекетке қайтарып алады.

Азаттық: – Сіз айтып отырған қадағалау жұмыстарын жергілікті әкімдік жүргізе ме?

Самат Сәрсенов: – Жергілікті әкімдік және тиісті органдар. Мысалы, жер инспекциясы бар, басқа да санитарлық жағдайын қарайтын бақылау орындары бар. Тексеруде халық болып, жанашыр қауым болып, көріп отырса, соған тиісті хабарлама берсе, олардың жасаған хабарлама, арыздары бос қалмайды. Тексеріліп, анықталады. Егер анықталса, алдында айтқан талаптар арқылы жер мемлекетке қайтарылуы мүмкін.

Полиция жер мәселесіне қатысты баспасөз жиынын өткізуге келген белсенділерді ұстап жатыр. Алматы, 29 сәуір 2016 жыл
Полиция жер мәселесіне қатысты баспасөз жиынын өткізуге келген белсенділерді ұстап жатыр. Алматы, 29 сәуір 2016 жыл

Азаттық: – Қазақстанда қазір ауыл шаруашылығы жерлерін жалға алған шетелдіктер бар ма? Бар болса, олар қанша гектар жерді жалдап отыр?

Осы уақытқа дейін шетелдіктер 65 мың гектар жерді жалға алған.

Самат Сәрсенов: – Көріп отырсыз, жалға беру мәселесі реформаның басынан келе жатыр. Соңғы мәліметке қарайтын болсақ, осы уақытқа дейін шетелдіктер 65 мың гектар жерді жалға алған.

Азаттық: – Осы 65 мың гектарды жалға алған шетелдіктердің арасында жерді дұрыс пайдаланбағаны үшін жергілікті жерден ескерту алып немесе жерін қайтарып бергендер бар ма?

Самат Сәрсенов: – Бақылауда тұрғанымен, ондай деректер осы күнге дейін түскен жоқ.

Азаттық: – Қазақстан азаматы ауыл шаруашылығы жерінің иесі болды делік. Сол азамат шетелдіктерге өз жерін бере ала ма?

Самат Сәрсенов: – Азамат шетелдікпен мәміле жасай алмайды. Сатып алу, сату мәселесі тіптен жоқ. Шетел азаматына жерді жеке меншікке сатуға шектеу қойылған. Ал басқа шектеу заңда жоқ.

Азаттық: – Жалға беру жайы ше?

Самат Сәрсенов: – Жалға беру мәселесі болғанымен, оған тікелей жер иесі, жер пайдаланушы өзі жауапты. Бүкіл жауапкершілікті өзіміздің азаматтан сұраймыз. Ал шетел азаматының мәміле арқылы жерді өзіне аударып алуы қарастырылмаған.

Азаттық: – Қоғам белсенділері «шетел азаматтары заңдағы қитұрқылықтар арқылы жерді сатып алады» деген пікірде. Сіздің көзқарасыңыз қандай?

Жер сатылып кететін мал емес, жоғалып кететін нәрсе емес. Жер – тұрақты нәрсе.

Самат Сәрсенов: – Біріншіден, қитұрқылыққа басқа адамдар бара бере ме – ол нақты бір адамның атына өтетін болса? Екіншіден, жерді сатып алған азамат барлық жағдайда өзі жауап береді, оның соңында қатаң бақылау тұр. Және жерді тиімді пайдаланбаса, мүлдем пайдаға асырмаса, заң жүзінде жыл сайын төленетін салығын 10 есе арттыру қарастырылған. Әрі жан-жақты бақылау бар. Басқа қитұрқы жағдайын мен білмеймін. Меніңше қитұрқы мәселе жүрмеуі керек. Өйткені жер сатылып кететін мал емес, жоғалып кететін нәрсе емес. Жердің өз өзгешелігі бар. Жер – тұрақты нәрсе. Оған жасалған заңсыз әрекет тұрақты түрде шығып отырады, көрініп отырады.

Азаттық: – Қазақстандағы ауыл шаруашылығы жерлері шетелдіктерге сатылмайтын болса, ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге жалға беруден соншалықты қауіп-қатер болмаса, елдің бірнеше қаласында не себепті қарсылық шерулері өтіп жатыр?

Самат Сәрсенов: – Жеке пікірім – бұл жерде нағыз жермен жұмыс істеп, соны пайдаланып жүрген адамдар жағынан мұндай сұрақтар туындаған жоқ. Бұл енді басқа бір түсініспеушілік жағынан, басқа да бір ағымдардың арасында өтіп жатқан мәселе деп ойлаймын. Өйткені жермен жұмыс істеп жүрген шаруалардың кез келгенімен осылай пікір алысып көрсеңіз, мұндай сұрақ туындамайды.

Азаттық: – Әңгімеңізге рақмет.

XS
SM
MD
LG