Accessibility links

БҰҰ Сириядағы екі топты террористер тізіміне қосудан бас тартты


Сирияда "Жайш әл-Ислам" оппозицияшыл тобының туын тігіп тұрған сарбаз (Көрнекі сурет).
Сирияда "Жайш әл-Ислам" оппозицияшыл тобының туын тігіп тұрған сарбаз (Көрнекі сурет).

Батыс елдерінің дипломаттары Ресейдің Сириядағы көтерілісшіл екі топты БҰҰ-ның террористік ұйымдар тізіміне қосу ұсынысын қабылдамай тастады. Ресей бұған дейін "Жайш әл-Ислам" ("Ислам армиясы") тобы мен "Ахрар әл-Шам" тобын олардың "Әл-Қаида" және "Ислам мемлекеті" экстремистік топтарымен байланысы үшін террористік топтар тізіміне қосуды сұраған.

Топты БҰҰ тізіміне қосу үшін оны Қауіпсіздік кеңесіне мүше 15 мемлекет бірауыздан қолдауы тиіс. Бірақ Ресей ұсынысына АҚШ, Ұлыбритания, Франция мен Украина дипломаттары қарсылық білдірді.

France Press агенттігінің хабарлауынша, АҚШ-тың БҰҰ-дағы миссиясының өкілі екі топты террористік ұйымдар тізіміне қосудың Сириядағы бітім үшін салдары ауыр болатынын, себебі "Жайш әл-Ислам" тобы бұл елдегі бітімге қосылуға келіскенін айтқан. "Қазір бағытты өзгертетін кез емес, керісінше зорлық-зомбылықты азайтуға бағытталған күш-жігерді еселейтін уақыт" деді АҚШ дипломаты.

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің дипломаты агенттікке екі топты тізімге алудың Сириядағы бітімге де, Женевадағы Сирия бейбіт келіссөзіне де зардабы тиетінін айтқан.

"Жайш әл-Ислам" - Женевадағы Сирия бейбіт келіссөзіне қатысып жатқан, Жоғарғы келіссөз комитеті деген атпен белгілі оппозициялық топтар топтар коалициясы құрамына кіреді.

"Ахрар әл-Шам" Сириядағы ең ықпалды исламшыл топтар қатарында тұрғанымен, оппозициялық топтар коалициясына қосылмайды. Бұл топтың "Әл-Қаида" ұйымының Сириядағы қанаты "Нусра майданы" тобымен байланысы бар.

Мәскеу ұсынысының қабылданбай қалғанына қатысты тікелей түсініктеме бермегенімен, Ресей "Нусра майданы" тобымен байланысқан кез-келген оппозициялық топты Ресей мен Сирия әскері нысанаға алуы тиіс деп санайтынын ескертті.

XS
SM
MD
LG