Бүгін Астанада "Азбука жилья" құрылыс компаниясының тұрғын үйге ақша төлеп, бірақ пәтерімізді әлі ала алмай жүрміз деген ондаған үлескері "Нұр Отан" партиясының кеңсесіне наразылықтарын білдіріп барды. Олар президент басқаратын партиядан өздерінің тұрғын үй мәселесін шешу үшін "диалог алаңын құруды" талап етеді.
Үлескерлер иесі қашып, қазір халықаралық іздеуде жүрген құрылыс компаниясының мүлкіне салынған арестті алуды сұрайды. Олар өздері тапқан жаңа инвестор мүлікке арест салынғандықтан құрылысты ары қарай жалғастыра алмай отыр дейді. Ал аяқталмаған күйі қалған нысандар апатты жағдайға ұшырап барады.
Үлескерлермен кездескен "Нұр Отан" өкілдері жиналғандарды тыңдап, жағдайға қанығу үшін уақыт беруді сұрады. Үлескерлер бұған дейін де өздері "Нұр Отанға" жүгінгенімен, партия көмектесе алмағанын айтып наразылық білдірді.
"Азбука жилья" компаниясының үлескерлері бұған дейін де Астанадағы наразылық акцияларында компания тұрғызуы тиіс болған сегіз тұрғын үй құрылысы биыл көктемде тоқтап қалғанын айтқан. Үлескерлер мәліметінше, бұл құрылыс компаниясы салатын нысандарға төрт мыңға тарта адам ақша салған.