2014 жылы Сочидегі қысқы олимпиада ойындарына қатысқан ресейлік ондаған атлет, оның ішінде жүлде алған кем дегенде 15 спортшының "мемлекеттік допинг бағдарламасынана" қатысы бар деп жазды New York Times басылымы. Басылым сол кезде Ресейдегі допингке қарсы зертхана директоры болған Григорий Родченковқа сілтеме жасап, сол кезде тыйым салынған препараттан коктейль жасалып, спортшыларға берілгенін хабарлайды. Басылым ресейлік сарапшылар мен арнайы қызмет мамандары сараптамаға алынған зәр сынамасын ауыстырып жіберген дейді.
Қазір Лос-Анжелесте тұратын Родченко олимпиада аяқталар кезге дейін шамамен жүзге тарта сынама әдейі ауыстырылғанын мәлімдеген. ТАСС агенттігінің хабарлауынша, Ресей спорт министрі Виталий Мутко айыптауды "мағынасыз" деп атаған. Халықаралық олимпиада комитетінің өкілі "Бұл айыптау өте егжей-тегжейлі және өте қатты алаңдатады. Біз Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктен бұл істі дереу тексеруін сұраймыз" деді.
Бұған дейін ресейлік спортшылардың тыйым салынған препараттарды кеңінен қолданғаны туралы бірнеше рет хабарланған. Ресей жеңіл атлеттері қарашада мемлекеттік допинг бағдарламасы жұмыс істегені әшкере болған соң халықаралық жарыстарға қатысудан шеттетілген.