Армения мен Әзербайжан президенттері Серж Саргсян мен Ильхам Әлиев 16 мамырда Венада өткен кездесуде Таулы Қарабақтағы қақтығысты тоқтатып, жанжалды бейбіт реттеуге ынталы екендерін тағы білдірді. АҚШ, Франция және Ресей бірлесе жасаған мәлімдемеде Саргсян мен Әлиевтің қақтығысты түпкілікті реттеу жайлы кеңесуді жалғастыру үшін белгіленген орында келіссөздің жаңа кезеңін өткізу туралы уағдаласқаны да айтылады.
Саргсян мен Әлиев сәуірдің басында бірнеше күндік әскери жанжалдан соң бітім орнағаннан бері бірінші рет бетпе-бет кездесіп отыр. Тараптар бұған қоса аймақта Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) бақылаушылар миссиясын көбейтуге де келісті. Қазір аймақта ЕҚЫҰ-ның тек алты сарапшысы ғана бақылау жасайды.