Атырауда азаматтық белсенді Макс Боқаев 15 тәулікке қамалды. Ол "рұқсат етілмеген наразылық акциясын өткізуге шақырғаны үшін әкімшілік құқық бұзды" деп айыпталған.
Атырау әкімшілік сотына азаматтық белсенді Талғат Аянды да апарған.
Макс Боқаев пен Талғат Аян Атырауда 24 сәуірде өткен "жерді сату мен шетелдіктерге жалға беруге" наразылық митингісін ұйымдастырғандардың бірі болған. Митингіде сөйлеген Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Макс Боқаевтың "митингіні ұйымдастырғандар қуғындалмасын" деген талабы орындалатынына уәде берген. Кейін Макс Боқаев жер мәселесіне қатысты жаңадан құрылған республикалық комиссия құрамына кіргенімен, бірқатар талап қойып, комиссия жұмысына қатысудан бас тартқан.
17 мамырда Қазақстанның бірнеше қаласында әлденеше азаматтық белсенді ұсталып, әкімшілік жауапқа тартылды. Билік олардың көпшілігін 21 мамырда жер мәселесіне қатысты жаппай наразылық митингісіне шақырды деп айыптайды.
Сәуірдің соңы мен мамырдың басында бірнеше қалада жер кодексіне енгізілген ауыл шаруашылығы жерлерін жекешелендіруге және шетелдіктерге ұзақ мерзімге жалға беру туралы өзгерістерге наразылық митингілері өткен. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев 5 мамырда ол өзгерістердің күшіне енуіне мораторий жариялаған.