Accessibility links

Алматыда тағы бір азаматтың ұсталғаны хабарланды


Алматылық полицейлер (Көрнекі сурет).
Алматылық полицейлер (Көрнекі сурет).

Алматыда бүгін қала тұрғыны Райхан Қалиеваны полиция үйінен ұстап алып кетті. Бұл туралы Азаттыққа оның туысы Берік Қалиев хабарлады.

Оның сөзінше, Райхан Қалиеваны бүгін түсте Мамыр-3 ықшамауданындағы үйінен Әуезов аудандық ішкі істер басқармасына әкеткен.

- Кеше әпкемді кешкі сағат 6 шамасында Әуезов аудандық ішкі істер басқармасына алып кетіп, ол жерде прокуратура өкілдері 21 мамыр күні митингіге шықпайтыны туралы хатқа қол қойдырып алып, босатқан. Ал бүгін түскі сағат 13 шамасында оны үйінен тағы Әуезов аудандық ішкі істер басқармасына әкетті, - деді Берік Қалиев Азаттыққа телефон арқылы.

Қалиевтің айтуынша, ол - бұған дейін Алматы қалалық әкімдігіне 21 мамыр күні "жер мәселесіне" қатысты бейбіт митинг өткізуге рұқсат сұрап өтініш бергендердің бірі. Алматы әкімдігі 16 мамырда белсенділерге митингке рұқсат беруден бас тартқан. Берік Қалиев әлеуметтік желіде митинг туралы хат-хабар алысатын топтары барын, сол топтың мүшелерінің бірі, Қаскелең қаласының тұрғыны Маринаны да бүгін полиция Наурызбай аудандық ішкі істер басқармасына әкеткенін айтты.

Азаттық ұсталған Райхан Қалиеваға қатысты білмек болып, Әуезов аудандық ішкі істер басқармаларына хабарласқан. Бірақ полициядан бұл жайлы ақпарат алу мүмкін болмады.

XS
SM
MD
LG