Алматы маңындағы таулы жерлерде топырақ пен тау жынысы құлап, жылжу қаупі өте жоғары деп хабарлады қалалық төтенше жағдайлар департаменті (ТЖД). Департамент қауіпке байланысты қала тұрғындары мен сырттан келушілерді таулы жерлерге баруды қоя тұруға шақырған
"28 сәуір мен 19 мамыр аралығында 30-дан астам топырақ жылжу оқиғасы байқалды" делінген департамент ақпаратында. ТЖД тау бөктерлеріне жақын орналасқан үйлердің тұрғындарына ол маңды бақылап отыруды, топырақ жылжу не сырғу қаупі туғанда қауіпті аймақты тастап, төтенше жағдайлар қызметіне хабарлауды сұраған.
Алматыда соңғы бірнеше күнде нөсер жаңбыр жауып, ондаған үй мен ауланы су басқан. Нөсер жауын таулы жерде топырақтың қатты ылғалданып, жылжуына себеп болып отыр.