Accessibility links

Прокурор Байдалинованы 2 жылға соттауды сұрады


Журналист Гузяль Байдалинова. Алматы, 16 мамыр 2016 жыл.
Журналист Гузяль Байдалинова. Алматы, 16 мамыр 2016 жыл.

Оппозициялық Nakanune.kz сайтында "Казкоммерцбанк" туралы тапсырыспен жазылған мақалалар жариялауға қатысты Алматыда өтіп жатқан сот отырысында тараптар жарыссөз кезеңіне көшті. прокурор Дәурен Халықов соттан сайт иесі әрі редакторы Гузяль Байдалинова мен 49 жастағы кәсіпкер Тайыр Қалдыбаевты ірі көлемде зиян шектіру мақсатында алдын ала сөз байласып, топ болып көпе-көрінеу жалған ақпарат таратуда кінәлі деп тануды сұрады. Прокурор бұл айып бойынша Байдалинованы екі жылға, Қалдыбаевты төрт жыл сегіз айға соттауды сұрады.

"Казкоммерцбанк" өкілдері Ердос Әбікеев пен Альмира Алипинова прокурордың айтқанын қолдады.

Кінәсін ішінара мойындаған Байдалинова кінәсін болмашы ғана деп танитынын, себебі Анатолий Иванов берген, ішінде не бары өзіне белгісіз пакетті шетелде тұратын журналист Ирина Петрушоваға беріп жібергенін ғана мәлімдеді. Байдалинова өзіне тағылған айыпты дәлелденбеген деп санайтынын айтып, соттан өзін ақтауды сұрады.

Қалдыбаев сотта кінәсін ішінара мойындайтынын мәлімдеді. Ол соттан банк талап еткен өтемақыны толық төлегенін ескеруді сұрап, өзіне бас бостандығынан айырмайтындай жаза түрін кесуді сұрады.

Сот жарыссөзі аяқталған соң судья Нариман Бегалиев Байдалиноваға соңғы сөз берді. Журналист соттан өзін ақтауды сұрады. Қалдыбаев соңғы сөзін бастай бергенде судья Бегалиев күтпеген жерден сот отырысын үзіп, Қалдыбаевтың соңғы сөзін тыңдау жұма - 20 мамырға шегерілетінін мәлімдеді.

Байдалинова мен Қалдыбаев өткен жылдың желтоқсанынан бері қамауда отыр. Іс материалы бойынша, Қалдыбаев "Республика" порталы мен Nakanune.kz сайтында жарияланған, "Казкоммерцбанктің" беделіне нұқсан келтірді делінген қырықтан астам мақалаға тапсырыс берген. Тергеу мәліметінше, Қалдыбаев "Деловая газета" басылымының бас редакторы Махамбет Әуезовпен астыртын сөз байласқан. Әуезов журналист Рафаэль Балгин арқылы мақалаларды Байдалинова басқарған Nakanune.kz сайты мен Петрушова басқаратын "Республика" порталында жариялауды ұйымдастырған.

Прокурордың хабарлауынша, Ирина Петрушоваға қатысты жеке қылмыс ісі ашылған.

Әуелде бұл істе күдікті ретінде танылған Балгин мен Әуезов тергеушілермен ынтымақтастқан соң куәгер санатына ауысқан.

Байдалинованың жақтастары оны "Казкоммерцбанк" жайлы мақалалар үшін емес, соңғы 15 жылда оппозициялық басылымдарда жұмыс істегені үшін соттап жатыр деп санайды.

XS
SM
MD
LG