Қырғызстан Арал теңізін құтқару халықаралық қоры мен оның органдары жұмысына қатысуды "уақытша тоқтатуға" шешім қабылдады. Бұл туралы Қырғызстан сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Динара Кемелова Брюссельде өтіп жатқан Еуропа Одағы - Орталық Азия диалогының үшінші отырысында мәлімдеді.
Кемелова жиында Орталық Азиядағы су-энергетика саласындағы проблемаларға, оның ішінде Арал теңізін құтқару халықаралық қорының қызметіне назар аударған. Оның пікірінше, қор қызметінде аймқатағы жекелеген елдердің суға деген сұранысы мен суды пайдалану аспектілері ескерілмейді. Кемелова Аралды құтқару жөніндегі халықаралық қор қырғыз тарапы бірнеше рет ұсынған реформаларды іске асырмағандықтан Бішкек қор жұмысына қатысуды уақытша тоқтатуға шешім қабылдағанын айтты.
Қырғызстан жағы бұған қоса Аралды құтқару қорына толықтай реформалар жасалмаса бұл ұйым қызметіне қатысудың болашағы жоқ екенін білдірді.
Аралды құтқару қорын Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түркіменстан құрған. Ресми ақпаратқа қарағанда, Аралды құтқару қоры Арал теңізі апатының ықпалына ұшыраған аймақтардағы экологиялық жағдайды жақсартуға арналған ғылыми-практикалық бағдарламалар мен жобаларды дайындап, қаржыландыру үшін құрылған.