Accessibility links

Ұсталған Азаттық тілшілерін босата бастады


Әуезов аудандық ішкі істер басқармасы. Алматы, 21 мамыр 2016 жыл.
Әуезов аудандық ішкі істер басқармасы. Алматы, 21 мамыр 2016 жыл.

Бүгін Атырау, Астана, Алматы қалаларында полиция ұстаған Азаттықтың кейбір тілшілері босатылды. Алматыда түске дейін тұрғындар жиыны кезінде ұсталған тілші Вячеслав Половинконы полиция Түрксіб аудандық ішкі істер басқармасына алып барған. Басқармада Азаттық тілшісіне полиция түсіндірме жаздырып, босатқан.

Сонымен қатар Атырауда бүгін екінші рет ұсталған тілшіміз Сәния Тойкенді де полиция босатты. Тілшіні сағат 11-ден кейін орталық Исатай-Махамбет алаңына жақын маңда бірнеше адаммен бірге ұстап, Атырау қалалық ішкі істер департаментіне (ІІД) әкеткен. Полицияда бір сағаттай уақыт болған оны хаттама толтырып, босатқан. Сәния Тойкен өзімен бір уақытта ІІД-ден жергілікті "Ақ Жайық" газетінің журналисі Мұрат Сұлтанғалиевтің де босап шыққанын хабарлады.

Астанада да полиция ұстаған Азаттық тілшілері Ержан Әмірханов пен Мәди Бекмағанбет босатылды. Оларды Сарыарқа аудандық ішкі істер басқармасына алып барған.

Азаттықтың ұсталған өзге журналистері - Алматыда Асылхан Мамашұлы мен Нұртай Лаханұлы және Оралда Санат Орын Әли әлі босатылған жоқ. Асылхан Мамашұлын бүгін түске дейін "Сарыарқа" кинотеатрының артындағы алаңнан бірнеше адаммен бірге ұстап, Әуезов аудандық ішкі істер басқармасына апарған. Нұртай Лаханұлын бүгін түске дейін Алматыда орталық Республика алаңына жақын жиналған жұртпен бірге ұстап, Алатау аудандық ішкі істер басқармасына апарған.

XS
SM
MD
LG