Accessibility links

Reuters: Савченконы ресейлік екі тұтқынға айырбастады


Надежда Савченконы босатуға шақырған акция.
Надежда Савченконы босатуға шақырған акция.

Ресейде сотталған украиналық ұшқыш Надежда Савченконы Украинада сотталған екі ресейлікке айырбастады деп хабарлады өз дереккөздірен сілтеме жасаған Reuters агенттігі. Дереккөзі Савченко отырған Украина президенті ұшағы Дондағы Ростовтан Киевке ұшып кеткенін хабарлаған.

Бұған дейін ақпарат құралдарында алдағы бірнеше сағатта Савченконы Украинада терроризм айыбымен сотталған ресейлік Александр Александров пен Евгений Ерофеевке алмастырылатыны хабарланған.

Russia Today телеарнасы ресейліктер отырған ұшақтың Мәскеуге ұшып шыққанын хабарлады.

Бүгін таңертең Украина президенті Петр Порошенконың Ерофеев пен Александровқа рақымшылық жасау туралы өтініш бергені белгілі болған.

Кеше Порошенко Савченконы босату үшін ресейліктерге рақымшылық жасау туралы өтініш беруге дайын екенін мәлімдеген.

Ресей соты Савчкенконы биыл наурызда Украина шығысында ресейлік екі журналистің өліміне қатысы бар деп айыптап, 22 жылға соттаған. Савченко журналистер өліміне қатысы барын жоққа шығарып, өзін ресейшіл сепаратистер ұрлап, Ресейге беріп жібергенін айтады.

Украина Донбаста ұсталған ресейлік екі азамат Александр Александров пен Евгений Ерофеевті Украина шығысында сепаратистер жағында соғысты деп әрқайсысын 14 жылға соттаған.

XS
SM
MD
LG