Атыраулық белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аян куәгер ретінде қамалды. Азаттыққа хабарласқан Талғат Аянның адвокаты Төлепқали Аяновтың мәлімдеуінше, Боқаев пен Аянның күдікті ретінде қамауға алынғаны туралы хабарлама өзінің ұялы телефонына түскен.
- Бүгін таңертең қол телефонымда Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) департаменті тергеушісі Бисенғалиевтан Талғаттың кеше түнгі сағат 21:40 минутта ҰҚК тергеп жатқан іс бойынша күдікті ретінде ұсталып, уақытша қамау абақтысына жабылғаны туралы хабарлама келіпті, - дейді Төлепқали Аянов.
Адвокаттың сөзінше, ҰҚК тергеушісі Талғат Аянның қылмыстық кодекстің 24-бабының 1-бөлімі ("қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу") және 179-бабының 2-бөлімі ("билікті басып алуды немесе ұстап тұруды насихаттау немесе оған жария түрде шақыру, сол сияқты билікті басып алу немесе ұстап тұру не Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгерту") баптары бойынша күдікті ретінде ұсталғанын ескерткен.
Мұндай хабарламаны Макс Боқаевтың қарындасы Ақмарал Боқаева да алған. Оның айтуынша, түнгі сағат 23:46 минутта оған қоңырау шалған ҰҚК Атырау облыстық департаментінің аға тергеушісі Бисенғалиев Макс Боқаевтың да "қылмысқа дайындалу және билікті басып алу" бабымен қамауға алынғанын айтқан.
Адвокат Төлепқали Аянов Макс Боқаев пен Талған Аянның босатылатынына сенбейтінін айтты.
- Үш күн ішінде ҰҚК шағамына орай сот оларды тек айға қамау туралы санкция береді деп ойлаймын. Бірақ мен жауапталған үшеудің де мүлде кінәсіз екенін дәлелдеп шығамыз, әділдік болады деп санаймын, - дейді ол.
Макс Боқаев пен Талғат Аян 17 мамырда рұқсат етілмеген митингіні ұйымдастырды деген айыппен 15 күнге абақтыға жабылған болатын. Кейін Макс Боқаев пен Төлепқали Аянов олар заңсыз ұсталып отырғандары туралы шағым түсірген еді. 23 мамырда шағымды қараған Атырау облыстық сотының аппеляциялық алқасы олардың арызын қанағаттандырмаған болатын. Төлепқали Аянов 23 мамырдағы күшіне енген аппеляциялық сот қаулысын сотталушылар қолына алмау себепті өзінің қайта шағым түсіргенін айтады. Адвокаттың шағымын 31 мамыр күні кешкі 18-де Атырау облыстық сотының судьясы Бағила Нұржанова тағы да өзгеріссіз қалдыру туралы қаулы шығарған.
- Судья Нұржанова Макс Боқаевтың әкімшілік жазасын өтеу мерзімі 1 маусым күні кешкі сағат 22-де, ал Талғат Аянның жазасын өтеу мерзімі түнгі сағат 2-де аяқталатынын хабарлаған еді, - дейді Төлепқали Аянов.
Заңсыз митинг ұйымдастырды деген айыппен әкімшілік жазасын өтеп жатқан кәсіпкер Ерлан Башақовтың жазасын өтеу мерзімі маусымның 3-күні аяқталуы тиіс.
Азаттық тілшісі ҰҚК Атырау облыстық департаментінің аға тергеушісі Бисенғалиевке хабарласқанымен, кезекші қызметкер оның жиналыста екенін айтты.
Макс Боқаев пен Талғат Аян 24 сәуірде Атырауда жерді сату және шетелдіктерге ұзақ мерзімге жалға беруге қарсы жүздеген адам қатысқан митингіде болған.