Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаевтың сұрауы бойынша Қырғызстаннан жеткізілетін картопқа салынған тыйымды жоюға тапсырма берді. Бұл туралы Астанада өткен Жоғарғы Еуразия экономикалық кеңесі жиынының қорытындысы бойынша өткен брифингте Қырғызстан президенті аппаратының сыртқы саясат бөлімінің жетекшісі Сапар Исаков хабарлады.
Исаковтың мәліметінше, Қырғызстан ауылшаруашылығы министрлігі қазақстандық әріптестерімен тыйым салу мәселесін іс жүзінде шешу үшін барлық қажетті жағдайларды зерттеу бастаған. Ол Қырғызстан өз тарапынан зертхана ашып, барлық талапқа сай келетін картопты жеткізуі тиіс. "Мұнымен ауылшаруашылығы министрлігі айналысуы тиіс. Меніңше, бұл мәселелер таяу уақытта шешіледі" деген Исаков.
Қазақстан ауылшаруашылығы министрлігі 4 мамырдан бастап Қырғызстаннан картоп тасымалдауға уақытша тыйым салған. Министрлік бұған қырғызстандық картоптан картоп жұмыр құрты табылған оқиғалар көбеюі себеп болды дейді. Ресми мәлімет бойынша, 2016 жылдың қаңтарынан бері картоп жұмыр құрты түскен 79 оқиға тіркелген. Қырғызстанның ветеринарлық және фитосанитарлық қауіпсіздік мемлекеттік инспекциясы бұған дейін Қазақстан жағының уәжін негізсіз деп мәлімдеген. Инспекция бастығы Қалыс Жұмақанов Қазақстан биылғы жылдың басында өздеріне екі нота жолдағанын, ол бойынша шаралар қабылданып, картоп зертханада сараптамадан өткен соң ғана тасымалданатынын айтқан.