Accessibility links

Оралда Лұқпан Ахмедьяров қамаудан босап шықты


Азаматтық белсенді, журналист Лұқпан Ахмедьяров. Орал, 3 маусым 2016 жыл.
Азаматтық белсенді, журналист Лұқпан Ахмедьяров. Орал, 3 маусым 2016 жыл.

Оралдық азаматтық белсенді, журналист Лұқпан Ахмедьяров бүгін 15 тәулік әкімшілік қамаудан босап шықты. Ахмедьяров Оралда "бейбіт жиын ұйымдастыру мен өткізу туралы заңды бұзды" деп айыпталған төрт адамның бірі.

Лұқпан Ахмедьяров Қазақстандағы өзге ондаған белсенді сияқты елде жер мәселесіне қатысты жаппай митинг өтеді деп жоспарланған 21 мамыр қарсаңында қамалған. Ол босап шыққан соң Азаттыққа ұстанымы өзгермегенін және "халық өз ой-пікірін бейбіт жиындар мен митингілер арқылы білдіруге хақы бар" деп санайтынын айтты.

Кеше Оралда әкімшілік қамауға алынғандар ұсталатын арнайы орыннан белсенділер Бауыржан Әліпқалиев, Айболат Бөкенов және Исатай Өтепов босап шыққан. Қамаудан шыққан соң полиция оларды үйлеріне жеткізіп салған.

Оралдық тағы бір белсенді, бард ақыны Жанат Есентаев 19 мамырдан бері қамауда отыр. Ол "әлеуметтік, ұлттық, рулық, таптық немесе діни алауыздықты қоздыру" бабы бойынша қозғалған іске қатысты тергеу аясында екі айға қамалған.

21 мамырда жер реформасына қатысты бүкілқазақстандық митинг өтеді" деген ақпарат тараған соң мамырдың 17-сінен бастап 30-ға тарта адам ұсталып, 10-15 тәулікке дейін қамалған.

21 мамырда Қазақстанның бірнеше қаласында жерді сату және шетелдіктерге ұзақ мерзімге жалға беруге қарсы митингіні полиция болдырмай, оған қатыспақ болған ондаған адамды ұстаған. Ұсталғандардың кейбіріне митингіге қатысты айып тағылып, әкімшілік айыппұл салынған. Ұсталғандар арасында ондаған журналист пен азаматтық белсенділер де болған.

  • 16x9 Image

    Санат ОРЫН ӘЛИ

    Санат 2014 жылы қарашада Азаттықтың Батыс Қазақстандағы тілшісі ретінде қызметке кірісті. 2005 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Қызмет жолын "Уральская газета" басылымында бастаған. 2006-2014 жылдары Алматы мен Астанадағы түрлі БАҚ-тарда жарияланып тұрған.

XS
SM
MD
LG