Accessibility links

Ақтөбедегі әскери бөлімге қарулы шабуыл жасалды


Әлеуметтік желіде Ақтөбеде атыс болған жерден түсірілген деп сипатталған видеодан скриншот.
Әлеуметтік желіде Ақтөбеде атыс болған жерден түсірілген деп сипатталған видеодан скриншот.

Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, Ақтөбеде ұлттық гвардияның әскери бөлімі мен қару дүкеніне жасалған қарулы шабуылдан бірнеше адам қаза тапқан. Шабуыл жасап, қашып кеткен бірнеше күдіктіні іздестіріп жатыр. Ақтөбеде бес жыл бұрын Қазақстандағы алғашқы теракт болған еді.

ШАБУЫЛДАҒАНДАР ЖАЙЛЫ МӘЛІМЕТ САН ӨЗГЕРДІ

Қазақстан ішкі істер министрлігінің ресми өкілі бүгін, маусымның 5-і күні Ақтөбеде жасалған шабуылдар туралы әуелгіде төмендегідей ақпарат таратты:

«Ақтөбе облыстық ішкі істер департаментіне қаладағы «Паллада» атты қару сататын дүкенге белгісіз біреулер шабуыл жасағаны туралы хабар түскен. Басқа бір қару сататын дүкен мен ұлттық гвардия әскери бөліміне шабуыл жасалғаны мәлім болған. Шабуыл кезінде «Паллада» дүкені сатушысы қаза тауып, бір адам жараланған. Әскери бөлімде шабуылдағандарға тойтарыс беру барысында бір офицер мен келісім-шарт негізінде қызмет атқаратын бір адам қаза тауып, 9 әскери қызметкер жараланған».

ІІМ ақпараты бойынша, шабуыл жасағандардан үш адам қаза тауып, біреуі қолға түскен, біреуі жараланған.

– Бірнеше қылмыскер қоршауға алынды, бірнешеуі із жасырып үлгерді, - деп хабарлады бүгін кешке Қазақстан ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Алмас Сәдубаев.

Кейін ІІМ tengrinews.kz сайтына Ақтөбедегі атыс барысында шабуыл жасағандардың бесеуі оққа ұшқаны туралы хабарлаған. «Бесеуі өлген, біреуі ұсталған, күдіктілер он адам» деп хабарлаған ІІМ. Арада тағы біршама уақыт өткенде «төрт қылмыскердің көзі жойылып», жетеуінің қолға түскені және екеуінің жаралы екені туралы хабарлады.

Қазіргі уақытқа Ақтөбеде 5 маусым, жексенбі күні болған оқиға туралы ресми орындар берген дерек мынадай:

«Нақтыланған мәліметтер бойынша, қылмыскерлер «Паллада» қару дүкеніне қарулы шабуыл жасап, сатушы мен күзет агенттігі қызметкерін өлтірген, сонымен бірге оқиға орнына келген полиция патрулінің үш қызметкерін атып жаралаған. «Пантера» қару дүкеніне шабуыл кезінде қылмыскерлер дүкенге келген бір адамды өлтіріп, тағы бірін жаралаған. Оқиға болған жерге жеткен полиция тобы шабуылдағандардың үшеуінің көзін жойып, біреуін қолға түсірген» деп хабарлады ІІМ ресми өкілі Алмас Сәдубаев tengrinews.kz және «Интерфакс-Казахстан» агенттігі тілшілеріне.

Оның мәліметі бойынша, ұлттық гвардия әскери бөліміне шабуыл жасау үшін қарулы топ маршруттық автобусты басып алып, ондағы көлік жүргізуші мен жолаушыларды түсіріп тастаған. Одан соң автобуспен қақпаны соғып сындырып, территорияға өткеннен кейін қарудан «бей-берекет оқ атып, әскери қызметкерлердің үшеуін өлтіріп, алтауын жаралаған».

ВКонтакте әлеуметтік желісінде жарияланған бұл сурет 2016 жылы 5 маусымда Ақтөбедегі атыс кезінде түсірілген деп сипатталған.
ВКонтакте әлеуметтік желісінде жарияланған бұл сурет 2016 жылы 5 маусымда Ақтөбедегі атыс кезінде түсірілген деп сипатталған.

Бұның алдында ІІМ ресми өкілі Алмас Сәдубаев Ақтөбедегі оқиғаға дәстүрлі емес діни ағымның радикалдық өкілдерінің қатысы болуы мүмкін деген болжам барын айтқан.

Әлеуметтік желі қолданушылары Ақтөбедегі атыс туралы түсірілген суреттер және видеолармен бөлісіп жатыр. Кейбір видеоларда көшеде қолына қару ұстап жүрген адамдар, полиция көлігі қасында жүгіріп жүрген әлдекімдер байқалады және қарудан атқанға ұқсайтын дыбыстар естіледі.

Әлеуметтік желіде Ақтөбедегі атыс деп сипатталған видео:

Youtube сайтындағы тағы бір видео:

Instagram желісінде жарияланған видео:

Ақтөбе қаласы бойынша терроризмге қарсы операция режимі енгізілген. Полиция тұрғындарға үйден шықпауға кеңес беріп, қырағы болуға шақырған. Қазақстанның батысындағы Ақтөбемен көрші Атырау облысының орталығында да бақылау күшейтілгені байқалады деп хабарлады осы аймақтан Азаттық тілшісі. Қазақстан қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі жексенбінің кешінде елдегі барлық әскери бөлімдердің қатаң қызмет тәртібіне көшірілгені туралы хабарлаған.

ҚОҒАМ РЕАКЦИЯСЫ

Азаттыққа телефон арқылы тілдескен Ақтөбенің орталық ауданында тұратын әйел қалада интернет байланысы ажырап, сауда үйлері, ойын-сауық орталықтары мен адам көп жиналатын өзге де орындардың жабық тұрғанын, жергілікті телеарналардан тұрғындарды терроризмге қарсы операция туралы хабардар етіп, үйлерінен шықпауға кеңес берілгенін айтты. Сонымен бірге, оның сөзінше, қаладағы екі үлкен жоғары оқу орнында маусымның 6-сы күні өткізіледі деп алдын ала белгіленген ұлттық бірыңғай тест (ҰБТ) тапсыру кейінге шегерілгені туралы білім министрлігінен хабарлама келген. Оның айтуынша, Ақтөбе тұрғындары қалада террорлық қауіп-қатердің қызыл деңгейі жарияланғаны туралы SMS-хаттар алған.

Кейінірек Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев аймақ тұрғындарына үндеу жасап, сабырлы болуға шақырған. «Террорға қарсы жоспарлы операция өтіп жатыр. Жағдайдың толық бақылауда екендігін сіздерге тағы айтқым келеді. Қазіргі сәтте ахуал тұрақты» деген облыс әкімінің сөзін келтірген оның қарамағындағы «Ақтөбе ақпарат» орталығы.

Қазақстан парламенті сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter желісіндегі парағында: «қасиетті Ораза қарсаңындағы Ақтөбедегі теракт - бандиттердің шектен шыққан арсыздығы мен қатыгездігін көрсетті. Оларды жазалаудың ең қатал шаралары қолданылады» деп жазды.

Бұдан бес жыл бұрын Ақтөбеде Қазақстандағы алғашқы терролық акт жасалған еді: 2011 жылы мамырдың 17-і күні Ақтөбе ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменті ғимаратында өз-өзін жарып жіберген 25 жастағы Рахымжан Мақатов есімді азамат оқиға орнында қаза тауып, үш адам жараланған. Бұл оқиғадан кейін Қазақстанның бірнеше аймағында – Ақтөбе, Атырау, Астана, Алматы, Таразда қарулы шабуылдар болған. 2012 жылы Қазақстанда терроризмге қарсы жүргізілген бірнеше операция барысында «террористер» деген күдікке ілінгендердің көбі оққа ұшқан болатын.

XS
SM
MD
LG