Accessibility links

"Тобыл" клубы Ақтөбеге жанкүйерлерін апарудан бас тартты


"Ақтөбе" футбол клубының жанкүйерлері (Көрнекі сурет).
"Ақтөбе" футбол клубының жанкүйерлері (Көрнекі сурет).

Қостанайдың "Тобыл" футбол клубы Ақтөбедегі қарулы шабуыл мен террорлық қауіп-қатер деңгейінің артуына байланысты Қазақстан чемпионатында "Ақтөбе" командасына қарсы ойынға жанкүйерлерін апарудан ресми түрде бас тартты. Бұл туралы клубтың ресми сайтында хабарланды.

"15-турдың "Ақтөбе" - "Тобыл" матчына Ақтөбеге жанкүйерлерді апаруды жоспарланған еді. Бірақ соңғы жағдайларға байланысты "Тобыл" футбол клубы Ақтөбеге ұйымдасқан жанкүйерлерді апару ниетінен бас тартты. Клуб сонымен қатар жеке өзі матчқа бармақ болған қостанайлық жанкүйерлерге сапардан бас тартуды ұсынады" деп хабарлады клубтың баспасөз қызметі.

5 маусымда Ақтөбеде ондаған белгісіз адам екі қару-жарақ дүкені мен әскери бөлімге шабуылдаған. Атыстан 19 адам, оның ішінде шабуыл жасаған 12 адам қаза тауып, 40 шақты адам жараланған. Қазақстан билігі шабуылды ұйымдастырғандар радикалды діни топ жақтастары болуы мүмкін дейді. Ақтөбеде террорлық қауіп-қатердің "қызыл деңгейі" жарпияланған. Қазақстан аумағында 40 күн террорлық қауіп-қатердің "сары деңгейі" жарияланған.

"Ақтөбе" - "Тобыл" матчы 11 маусымда өтуі тиіс. Екі команданың да жанкүйерлері бұл матчты екі команда үшін де өте маңызды ойын болады деп санайды. Екі команданың жанкүйерлері бір-біріне бәсекелес саналады.

XS
SM
MD
LG