Accessibility links

Ақтөбеде оққа ұшқан әскерилерді аза тұтып жатыр


Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев (ортада) қаза тапқан әскерилерді аза тұтуға арналған қаралы митингіге келді. Ақтөбе, 9 маусым 2016 жыл.
Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев (ортада) қаза тапқан әскерилерді аза тұтуға арналған қаралы митингіге келді. Ақтөбе, 9 маусым 2016 жыл.

Ақтөбеде қарулы топ шабуылдаған ұлттық гвардияның 6655-әскери бөлімінде шабуылдан қаза тапқан әскерилерді аза тұтуға арналған қаралы митинг өтіп жатыр.

Митинг жергілікті уақыт бойынша сағат 11-де басталды. Митинг алдында Қазақстан әнұраны ойналды. Митингіге дейін ұлттық гвардия бас қолбасшысының орынбасары, генерал-майор Мұхаметқали Сатов журналистерге сұхбат берді. Сатов 5 маусымда әскерилер "өздеріне жүктелген әскери тапсырманы орындап, күші тең болмаса да бөлімге басып кірген қарулы топқа тойтарыс бергенін" айтты.

- Бұл жігіттер бекер өліп кеткен жоқ. Олар өздеріне жүктелген әскери міндетті орындады. Қарулы топтың мақсаты - қару-жарақ қоймасын басып алу болған. Атыс кезінде шабуыл жасағандардың күші айқын басым болды. Соған қарамастан қарауылдарымыз оларға тойтарыс берді. Қақтығыс кезінде үш әскери оққа ұшты. Бірқатар әскери қызметкер жараланды. Жараланғандардың кейбірі ауруханадан шығарылды. Олардың денсаулық жағдайы қалыпты. Тергеу-тексеру шараларынан соң қаза тапқандарды мемлекеттік марапатқа ұсынамыз, - деді.

Әскери бөлімдегі қарали митингіге қатысуға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев та келді.

Әскери бөлімге қаза тапқан Досбол Сапар, Даниель Майлыбаев, Берікжан Қалиевтің суреттері қойылған. Митингіге жиналғандар әскерилер қаза тапты деген жерлерге гүл қойды.

Бүгін таңертең шабуыл құрбандарын аза тұту қаладағы әулие Никольск православ шіркеуінде де өткен.

Маусымның 5-інде Ақтөбеде белгісіз адамдар екі қару-жарақ дүкенін тонап, әскери бөлімге шабуылдаған. Ресми мәлімет бойынша, шабуыл мен атыстан барлығы 20 адам қаза тапқан Олардың 13-і – «шабуыл жасады» деген күдіктілер, жетеуі – бейбіт тұрғын (олардың үшеуі әскерилер - Досбол Сапар, Даниель Майлыбаев, Берікжан Қалиев, төртеуі бейбіт тұрғындар - Андрей Максименко, Николай Онищенко, Михаил Матросов және жедел күзет қызметінің өкілі Мейірхан Тәжібаев).

Ақтөбе облыстық ішкі істер департаменті жеті күдіктіге іздеу жариялап, кеше олардың біреуі ұсталғанын хабарлаған.

Маусымның 5-індегі шабуылдан соң Ақтөбеде террорлық қауіп-қатердің ең жоғарғы – қызыл деңгейі, ал Қазақстан бойынша 40 күн мерзімге террорлық қауіп-қатердің сары деңгейі жарияланған.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақтөбеде 5 маусымда болған шабуылдар жайлы үш күннен соң мәлімдеме жасап, «террористік актіні радикал жалған діни ағым өкілдері ұйымдастырғанын, олар нұсқауды шетелден алғанын» хабарлады.

XS
SM
MD
LG