Accessibility links

Назарбаев жастарды терроризм мен экстремизмге қарсы тұруға шақырды


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев бүгін Астанадағы Назарбаев Университеті түлектерінің оқу бітіру рәсіміне қатысты.

Салтанатты шарада сөйлеген президент өз атындағы университетті былтыр алғашқы 446 түлек бітірсе, биыл 622 жас білім алып шығатынын атап өткен. Ол сонымен бірге жастарды «қоғамдағы кез келген жағымсыз құбылысқа тойтарыс беруге дайын болуға» шақырған.

– Әрбір азамат терроризм мен экстремизм жолын кесуге дайын болуы керек. Мұндай сын-қатерлермен ең үлкен күрес – жастардың білімі мен мәдениеті, бірлігі мен тұтастығы. Көзі ашық, көкірегі ояу, жан-жақты білімі бар адам ешқашан арандатушының айтқанына ермейді, - деген президенттің сөзін келтіреді Қазақпарат.

Назарбаев Ақтөбедегі үлкен қантөгіске әкелген оқиғаларды тероррлық акт деп атады.

– Бұл өз халқына қарсы қылмыс. Бұл террорлық актіні елімізді терроризм мен жанжалдар тұңғиығына батыру үшін ештеңеден тайынбайтындар жасады, - деді ол.

Кеше Астанада қауіпсіздік кеңесі отырысында Назарбаев Ақтөбедегі үлкен қантөгіске әкелген оқиғаларды «дәстүрлі емес салафизм діни ағымы жолын ұстанушылар тобының террористік шабуылы» деп атаған.

Ресми мәлімет бойынша, өткен жексенбіден бері Ақтөбедегі белгісіз адамдардың қарулы шабуылдары мен оған қарсы күш құрылымдары жүргізген арнайы операциялар барысында барлығы 25 адам қаза тауып, ондаған адам жараланған. Құқық органдары шабуылдарға күдікті бірнеше адамның қолға түскенін хабарлаған. Мерт болғандардың арасында үш әскери және төрт бейбіт тұрғын бар.

XS
SM
MD
LG