Қызылордада полицияға автовокзалға "жарылғыш құрылғы қойылғаны туралы жалған хабар берген" адам тұтқындалды.
Қызылорда облыстық ішкі істер департаментінің хабарлауынша, 15 маусым күні кешкі сағат 17:40 шамасында полицияға ұялы телефонмен ер адам қоңырау шалып, автовокзалға "жарылғыш зат қойылғаны" туралы хабарлаған.
Ақпараттан соң автовокзалға полиция барып, аумақты қоршауға алып, автобекеттен ондаған адамды шығарған. Жедел-тергеу тобы ғимарат пен оның айналасын тексергенімен, жарылғыш зат табылмаған.
Полиция жалған ақпарат берді деген күдікпен қаланың 34 жастағы тұрғыны ұсталып, "терроризм актісі туралы көпе-көрінеу жалған хабар беру" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын айтады.
Қылмыстық кодекс бойынша, бұл бап бойынша айыпты деп танылғандарға 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.