Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Үндістан мен Пәкістанның "маусым айында Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) кіретінін, олардан соң Иран кезек күтіп отырғанын" мәлімдеді.
«Бізде Еуразия экономикалық одағы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы бар. Маусым айында Ташкентке - Шанхай ынтымақтастық ұйымының кезекті форумына жиналамыз, сол жерде Үндістан мен Пәкістанды ұйымға мүше ретінде қабылдаймыз. Кезекте Иран тұр. Осылайша 3 миллиард тұрғыны бар (елдерден құрылған – ред.) ұйым үлкен күшке айналады. Мұндай ұйыммен әріптестік орнату бәріне тиімді емес пе?» деді Нұрсұлтан Назарбаев Санкт-Петербургте өтіп жатқан халықаралық экономикалық форумда.
Әскери салада ынтамақтастық орнату мақсатында 2001 жылы құрылған ШЫҰ-ға қазіргі кезде алты мемлекет (Қазақстан, Ресей, Қытай, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан) мүше.
Петербург халықаралық экономикалық форумы маусымның 17-сі күні Санкт-Петербург қаласында ашылды. Оған Ресей президенті Владимир Путин, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Италия премьер–министрі Маттео Ренци, БҰҰ басшысы Пан Ги Мун сияқты саясаткерлер қатысып отыр.