АҚШ қорғаныс министрлігі өкілдері ресейлік әскери ұшақтардың Сириядағы іс-әрекетіне қатты сын айтты.
Америкалық бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, ресейлік әуе күштері Пентагон дайындаған және жарақтандырған сириялық оппозиция жасақтарына соққы берген. Сириялық одақтастарын әуеден қорғауға екі әскери ұшағын жіберген АҚШ әскери басшылығы «жедел желі» арқылы ресейлік әскерилермен хабарласып, одақтастарына шабуыл жасауды доғаруға шақырған. Америкалық ұшақтар жанармай алуға кеткен кезде ресейлік ұшақтар көтерілісшілер позицияларына тағы шабуылдаған деп хабарлайды АҚШ ақпарат құралдары.
CNN телекомпаниясы аты-жөні көрсетілмеген Пентагон өкілінің: «Ресейдің соңғы шаралары елеулі қауіп тудырып отыр. Біз Ресейдің мұндай әрекеттерге неліктен барғанын түсіндіруін және алдағы уақытта қайталанбайды деп сөз беруін күтеміз» деген сөзін келтірген. Бұл оқиға туралы сауалға жауабында АҚШ қорғаныс министрі Эш Картер мұндай іс-әрекеттердің Ресейдің міндеттемелеріне қайшы екенін айтқан.