Accessibility links

ҰҚК "Ақтөбе департаменті бастығының отставкасына" комментарий бермеді


Ақтөбе облысы бойынша ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменті (ҰҚКД), Ақтөбе, 12 маусым 2016 жыл.
Ақтөбе облысы бойынша ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменті (ҰҚКД), Ақтөбе, 12 маусым 2016 жыл.

Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) Ақтөбе облысы бойынша департаментінің бастығы Нұрлан Қадырбаевтың "отставкаға кеткені" туралы ақпаратқа комментарий бермеді.

Бүгін қауіпсіздік органдарындағы дереккөзі Азаттыққа Ақтөбедегі ҰҚК департаменті бастығы Нұрлан Қадырбаевтың отставкаға кеткенін айтқан.

Нұрлан Қадырбаев өткен аптада Ақтөбеде премьер-министр Кәрім Мәсімовпен өткен жиында облыста радикалдық ұстанымдағы 1665 адам барын, олардың 90-ы "қауіпті жиһадшыл" екенін мәлімдеген. Ол "сауатты теологтар мен беделді имамдар аса тапшы болғандықтан оларды райынан қайтару көбіне қиын екенін" айтқан. Нұрлан Қадырбаев Ақтөбеде 5 маусымда болған шабуылдар мен одан кейінгі арнайы операцияларда ҰҚК департаменті мен ішкі істер департаменті материалдық-техникалық қамтамасыз етілу жағынан қиындық көргенін де жеткізген.

5 маусымда Ақтөбеде 26 адам екі қару-жарақ дүкенін тонап, ұлттық гвардияның әскери бөлімін басып алуға тырысқан. Шабуыл мен атыстан ресми мәлімет бойынша 7 адам қаза тауып, 40 шақты адам жараланған. Алты күнге созылған арнайы операцияда шабуылға күдікті делінген 18 адамның көзі жойылып, бірнеше адам ұсталған.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев шабуыл жасағандардың "радикалдық діни топ өкілдері" болғанын және олардың "шетелден нұсқау алғанын" мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG