Accessibility links

ШҚО-ның екі тұрғыны сібір жарасын жұқтырғаны анықталды


Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова
Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова

Шығыс Қазақстан облысының екі тұрғынына сібір жарасы індеті жұққаны расталды деп хабарлады бүгін Астанада денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова. Министрдің мәліметінше, науқастардың жағдайы қалыпты.

Шығыс Қазақстан облысында өткен аптада екі тұрғын сібір жарасын жұқтыруы мүмкін деген күдікпен ауруханаға түскен. Қазір Жарма ауданында 29 адам дәрігерлер бақылауында тұр.

Қарағанды облысындағы сібір жарасы індетінен екі адамның қайтыс болуына байланысты комментарий берген Тамара Дүйсенова марқұмдарға уақытында дәрігерлік көмек берілгеніне қатысты қызметтік тексеру жүргізіліп жатқанын айтты. Ол министрлік мамандары тексеру жүргізу үшін Қарағанды облысына кеткенін жеткізді.

Қарағандыдағы облыстық инфекциялық ауруханаға 20-23 маусым аралығында Еркіндік ауылынан тоғыз адам сібір жарасы індетін жұқтырған деген күдікпен түскен. Олардың екеуі ауруханада қайтыс болған. Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасының ақпаратына қарағанда, жеті науқас емделіп жатыр, жағдайы орташа. Санитарлық дәрігерлер мәліметінше, тұрғындар арасында және үй жануарларынан жаңа сібір жарасы індетін жұқтыру туралы өзге дерек жоқ.

XS
SM
MD
LG