Accessibility links

Ереванда Рим папасы "армяндарға жасалған геноцид" туралы айтты


Рим папасы Франциск Еревандағы шіркеуде сөйлеп тұр. Армения, 24 маусым 2016 жыл.
Рим папасы Франциск Еревандағы шіркеуде сөйлеп тұр. Армения, 24 маусым 2016 жыл.

Жұма күні Арменияға барған Рим папасы Франциск Ереванда көпшілік алдында сөйлеген сөзінде 2015 жылы армяндарды жаппай өлтіру оқиғасы туралы айтқан кезде ресми мәтіннен ауытқып, «геноцид» сөзін қолданды. Армения президенті мен дипломаттар алдында сөйлеген Франциск армян тіліндегі «Мец Егерн» (асқан зұлымдық) сөзін қолданған, одан кейін алдын ала дайындалған мәтіндегі «өткен ғасырда зор қайғы әкелген алапаттардың алғашқысы» деген сөзді нақтылауға «бұл геноцид» деген сөзді қосып айтқан.

Папаның сөзіне байланысты бұл жолы Түркия шұғыл реакция білдірген жоқ деп жазады Reuters. Былтыр Франциск армяндарды жаппай өлтіру оқиғасын айтқанда «геноцид» сөзін қолданғаны үшін ресми Анкара Ватикандағы елшісін жедел шақырып алған еді.

Түркия бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде Осман империясындағы христиан дініндегі армяндардың көбі түрік армиясымен қақтығыстар барысында қаза тапқанын мойындайды, бірақ құрбандар саны айтылып жүргеннен аз болған және ол соғыста көп мұсылман түріктер де қаза тапқан деген уәж айтады. Ал «ол қолдан жасалған қырғын – геноцид болды» дегенмен Анкара үзілді-кесілді келіспейді.

Армения тәуелсіздігін алғалы бері бұл елге Рим католик шіркеуінің басшысы екінші рет сапармен келіп отыр. Бұған дейін 2001 жылы Арменияға сапармен барған Рим папасы ІІ Иоанн Павел «геноцид» сөзін жазбаша түрде қолданғанымен көпшілік алдында айтпаған.

XS
SM
MD
LG