Алматыда журналист әрі "Журналистер қауіп-қатерде" қорының жетекшісі Рамазан Есіргепов қудалаудағы белсенділер мен олардың отбасыларын қолдап сегізінші күн аштық ұстап жатыр.
Есіргепов аштықты 20 маусымда бірқатар азаматтық және қоғамдық белсенділердің қудалануына қарсылық белгісі ретінде бастаған. Ол азаматтық белсенділер Макс Боқаев, Талғат Аян, Жанат Есентаев, Ғатауғали Бохан, Сағынғали Қапизов, Құбайдолла Шолақ және Махамбет Әбжанның қылмыстық қудалануын заңсыз деп санайды. Жер мәселесіне байланысты митингілерге қатысқан бұл белсенділердің кейбіріне "алауыздық тудырды" деген, кейбіріне "мемлекетке сатқындық жасады" және "билікті басып алуға шақырды" деген айыптар тағылған.
Бүгін Facebook-те жариялаған мәлімдемесінде Рамазан Есіргепов басқа белсенділерді өзімен бірге аштық жариялауға шақырады. Азаттықпен әңгімесінде Есіргепов аштық жариялағаннан бері 12 килограмм салмақ жоғалтқанын айтты. Ол өзіне емес, қазақстандық құқық қорғау ұйымдары саяси тұтқын деп танығандарға және жер мәселесіне қатысты митингілерден соң қылмыстық қудалау көріп отырғандарға назар аударылуы тиіс дейді.
- Белсенділерге 15 жылға дейін сотталу қаупі төніп тұр, ал біз әдеттегідей үнсізбіз. Мені емес, қылмыстық жауапқа тартылып, қамауда отырған белсенділерді, олардың отбасыларын моральдық және материалдық тұрғыдан үнемі қолдап отыру керек, - дейді Есіргепов.
Есіргепов тек су ішетін аштық акциясын БҰҰ Адам құқығы комитетінің 117-сессиясы ашылған күні бастаған. Ол бұған дейін аштықты "белсенділердің құқығы мен еркіндігіне қатысты әділ және оң реакция білдірілмейінше жалғастыра беретінін айтқан.
Рамазан Есіргепов не үшін аштық ұстап жатқаны жайлы: